Журналистерді итке теңеген Бас прокуратура қызметкері әлі қызметінен кетпеген
Ол әдеп нормаларын сақтамаған
Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындәлиев мәлімдеді. «Бізге журналистердің арызы түсті. Тексеріліп жатыр. Содан соң, шешім қабылданады», - деді ол. Журналистерді итке теңеген Мейрамбай Кемалов әлі жұмысынан кетпеген. Еске салайық, бұдан бұрын Парламент Мәжілісі ғимаратында Бас прокуратураның Парламенттегі ресми өкілі Мейрамбай Кемалов журналистерге тіл тигізіп, мұның арты дауға ұласқан еді. Журналистер оның үстінен Бас прокуратураға арыз жолдады. «Кемалов – заң қадағалаушы органның қызметкері. Оған қоса, Бас прокуратураның Мәжілістегі жауапты өкілі. Соған қарамастан, қарапайым этика нормаларынан аттап, журналистерге тіл тигізді, адамның ар-намысына тиетін сөз айтты. Одан кейін бір залға кіріп кетті де, ізім-ғайым жоғалды. БАҚ өкілдерінен кешірім сұраған да жоқ», – дейді журналистер.