Студент: Ақшасын төлеген адамның мұңын тыңдап, уақытша "досы" болып жұмыс істеймін
Бүгінде Алматы мен Астана сынды ірі қалада жастар осылай ақша табатын болған
Бұл туралы KYN.KZ сайты Астана арнасының жаңалықтар қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды. Ақшаң болса қалтаңда, достың түр-түрін таңдап, талтаңда! Қазір жалдамалы жолдас іздеп, сыр шерткісі келгендердің мақалы – осы. Олар серік іздеп сергелденге түспейді, желіні ашып шертіп тұрып таңдай алады. Олар ақшасын төлесең, қасыңда отырып, сені сағаттап тыңдауға дайын. Жалдамалы жолдастың қалай жұмыс істейтіні сіздерге ғана емес, маған да қызық болды. «Бір күнге досыңыз болып берейін» деген адамды көрсеңіз не дер едіңіз? Таң қалатыныңыз рас! Қазір әлеуметтік желіде осындай жарнамасымен жер жарып тұрған қыздар, жігіттер өте көп. Солардың біріне хабарластым. Кездесейік деп едім, бірден келісті. Орынды белгіледік. Сағат қазір үш болды. Мен келдім, көрейік әңгімелесіп. Күткен «досым» уақытынан ерте келіп, мені күтіп отыр екен. Ә дегеннен әңгімені қызығушылықтарымды сұрап бастады. Міне, қызық! Көптің мұңын тыңдап, «ақылшы» боп жүрген ару әлі студент екен. Бұл жұмысты ақшадан қысылған соң бастапты. Тамырын басып, теңге табудың басқа жолын таппадың ба деп едім... -Это все нормально, знаете? Потому что адамды депрессия болады, стресс болады. Соны өзіңнің жақын адамыңа айтқын келмейтін кездер болады ғой. Ешқандай бір общий знакомстволары жоқ біреулерге тұрады да осылай әңгімесін айтып береді. Бір сағатта ол деген іштегінің барлығын айтып тастаған кезде, үлкен бір пар шығарып тастайды да. Өздеріңіз көргендей, Мадина есімді қызбен таныстым. Сырластық, әңгіме айттық, әртүрлі тақырыпта, неше түрлі әңгіменің басын қайырдық. Расымен маған бұл қызмет түрі басында таңсық болып көрінгені рас. Бірақ шынымен де жеңілдеп қалады екенсің. Адамдар жалдамалы достың көмегіне неге жүгінеді? Психолог оны былай түсіндірді. "Олар тек қана тыңдап тұрады да, ақшасын алады да кетеді. Адамға керегі де сол. Біздің көп жақындарымыз тыңдауды білмейді. Керісінше ақыл айтуға тырысады",-дейді психолог Ажар Нұркенова. Елордалықтардың да ойын біліп көрдік. Араларынан құптағандар да, даттағандар да болды. Ал қоғам белсендісі бұл қызметтің пайдасынан гөрі, зияны көп дейді. "Адамның құнын біз қазір өте төмен деңгейге түсіріп отырмыз да бұл арқылы. Шынын айтсам, мен бір басқа мемлекеттен бұндай нәрселерді естіген жоқпын енді. Ал енді Қазақстанда мұндай нәрселердің орын алуы біздің қазақ халқы үшін өте ұят нәрсе",-дейді қоғам белсендісі Ғалымжан Керімбек. Мамандар мұндай қызметке сұраныстың артуына жалғызбасты адамдардың көбеюі себеп дейді.