Астанада борышын өтеп жүрген сарбаз туған анасын танымай қалды
Сарбаз тек басын шұлғып, ешкіммен сөйлеспейтін хәлге түскен
Астанада әскери борышын өтеп жүрген Ұлттық Ұлан сарбазы жедел ауруханаға түскен. Ол өзгені қойғанда өзінің туған анасын танымай отыр. Сарбаздың анасы ол борышын өтеуге қабылданған кезде сап-сау еді деп отыр, деп хабарлайды KYN.KZ сайты KTK арнасына сілтеме жасап. "Ол мені танып тұрған жоқ. Меннен қорқып, үркіп тұр. Ол солай тұйықталып қалған, ашыла алмайды, сөйлей алмайды. Мына жағдайға қатысты арыз жазамын. Мен оны әскери борышын өтеуге жібердім. Ауруханаға түсіп қалсын деп емес. Ол мүгедек болып қалды, миы істеп тұрған жоқ бұның",- дейді сарбаздың анасы Дина Жүсіпова. Сарбаз ауруханаға жексенбі күні кешкісін түскен. Анасы жағдайды сол күні есітіп, келесі күні Астанаға келген. Тек кешкісін баласын көрген. Бірақ, дәрігерлер Жүсіпованың ұлына не болғанын түсіндіре алмаған. Әскери бөлімдегілер сарбаздың кешкі астан кейін өзін нашар сезінгенін, содан кейін жедел жәрдем шақыртылғанын айтады. Дәрігерлер оған қазірге "талма синдромы" диагнозын қойып отыр. "Денесі толық тексерілді, ешқандай зақым жоқ. Қан сынамасы, МРТ, КТ бәріне түсті. Ешқандай ақау, зақым табылмады. Бұл жағдай орын алысымен туыстарына, тиісті органға хабарланды. Қазір әскери бөлім ішінде қызметтік тексеріс жүріп жатыр",– деді ҚР Ұлттық ұлан әскери бөлімі командирінің орынбасары Айдарбек Жүсіпбеков.