Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Таразда анасы бас тартқан сәбиді екі медбике 1,5 млн теңгеге сатып тұрған сәтте ұсталды

Таразда анасы бас тартқан сәбиді екі медбике 1,5 млн теңгеге сатып тұрған сәтте ұсталды
ашық дереккөз
Тараздағы бала сатқан ұйымдасқан топ туралы жан шошырлық деректер айтылды
Таразда жаңа туған шақалақты саудаға салған ақхалаттылар ұсталды. Қаладағы перзентхана қызметкерлері баланы бір жарым миллион теңгеге бағалапты, деп жазды  KYN.KZ сайты КТК арнасына сілтеме жасай отырып. Қылмыстық жауапкершілікке енді екі акушер ғана емес, бүлдіршіннің анасы мен тірі тауар алушы және делдал да жауапқа тартылатын болады. Қазір адам саудасына қатысы барларға іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Құзырлы орын өкілдері қаладағы көпбейінді аурухананың екі акушері жаңа туған қыз баланы саудаға салған дейді. Бейресми деректерге сүйенсек, сәбиін ақшаға айырбастағысы келген әйел осы айдың басында босанып перзентханадан шыққан. Бірақ күні-бүгінге дейін жалдамалы пәтерде жасырынып жатқан. 59 және 39 жастағы екі медицина қызметкері тірі тауарды саудалап жатқан сәтте ұсталған. "Анасы баласынан бас тартатын болған. Медицина қызметкерлері оны пайдаланып, пайда табу және өз ниетін жүзеге асыру мақсатында бір жарым миллионға сатылды деп жатырмыз ғой. Ол жерде әрқайсының қаражаттан өз үлесі бар",- дейді Тараз қаласының прокуроры Жамбыл Сматов. Прокуратура бұл істің нақты қалай әшкере болғанын ашып айтпады. Белгілісі, баланы бауырына басқысы келген 39 жастағы әйел Тараз қаласының тұрғыны. Оның жеке басы жайлы өзге мәлімет жоқ. Осы дерек  бойынша медицина қызметкерлерінен бөлек, сәбиді алушы да, туған анасы да, делдал да жауапқа тартылады. Екі акушер 12 жылға дейін жазаға тартылуы мүмкін. Олар тергеу қапасында жатыр. Ал тірі тауарға айналған нәресте балалар үйіне жеткізілді. "Бұл бала кеше полиция қызметкерлерімен түнгі сағат 1:33-те бізге түскен. Шамамен 20 күндік балаға ұқсайды. Салмағы 3 келі 420 гр. Денесі таза, денсаулығы жақсы. Азанда мен өзім кіріп шықтым, жағдайы жақсы",- «Үміт» балалар үйінің директоры Гүлайым Мәнібаева. Бүлдіршінге әлі ат қойылған жоқ. Мұндағылар оны «белгісіз жан» деп атап жүр. Түбі жаңа туған сәби осы жерде қалатын түрі бар. Өйткені оның шешесі ана құқығынан айырылуы мүмкін. Ел арасында тірі тауардың анасы 36 жастағы Жамбыл ауданының тумасы екені айтылуда. Және оның бұдан өзге де балалары бар көрінеді. Ол қамауға алынған жоқ. Қолхатпен үйіне жіберілген.
Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар