Басты жаңалықтар
Жас қыздар насыбайға әуес болып кетті деп дабыл қаққан дәрігерлер салдарын айтып шошытты
- автор kyn.kz
- 26 қаңтар, 2023
- 298
Елімізде насыбайға тыйым салынғанымен, оның саудасы қызып тұр. Қызбай қайтеді, психотропты зат сауда сөрелерінде «мен мұндалап» тұр. Көк тауардың дәміне мас боп жүргендер оның ұрпақсыз қалдыратынын ескерместен сатып алуға асығады. Адамды елітіп әкететін насыбайдың не сиқыры бар? Бұл сұрақтың жауабын KYN.KZ сайты Астана арнасының жаңалықтар қызметіне сілтеме бере отырып жазды.
Адамды өзіне тәуелді ететін қарақошқыл затты тұтыну, әсіресе соңғы 20 жылда кең етек жайды. Бағасы арзан, әрі қауіпті тауарды көзбен көріп, қолмен ұстау үшін іздеп шықтым.
Керегімді алғаннан кейін сатушының тамырын басып, әңгімеге тарттым. Насыбайды сатуға тиым салынғанын айтып едім, кәсіпкер бұл туралы бірінші рет естіп тұрғандай сыңай танытты. «Насыбайды тек қана үлкен адамдар атады» деп ойлайтынмын. Бірақ қазір жастар бейім боп алған дейді. Тіпті, арасында мен секілді жас қыздар көп қолданатынын айтады. Сонда бұнын адамды еліктіретін қандай күші бар? Жүз рет айтқанша, бір рет көрейікші. Мен қазір енді бар күшімді жинап, эксперимент жасап көрмекпін. Өзім дәмін татамын. Басқа жерге барайық. Мына жерде адамдар жүр. Ұят қой! Бірінші алақанымызға салып аламыз. Бұл майда түйіршіктер сексеуілдің күлінен, қара ағаштың смоласынан, әктің суынан жасалады екен. Ол ол ма, бұған тауықтың қиы да қосылады. Біз бен сіз білесіз, тауықтың қиы- өте улы. Оны жеген мал бірден қырылады дейді. Кешіріңіздер, мұнын дәмін көрмек түгілі, иіскеудің өзі жиіркенішті. Сондықтан, кешіріңіздер, мен эксперимент жасай алмаймын. Дәрігерлердің айтуынша, кез-келген адам басында мен секілді жиіркенеді, бірақ бір рет дәмін татқаннан кейін қалай тәуелді болғанын байқамай қалады. Тіпті, психотропты затты қолдану жүрек пен миға, ішкі органдарға зиян екенін ескермейтін халге жетеді дейді. "Насыбайға есірткілік нәрселерді қосып жатыр дейді. Ол ұрпаққа да әсер етеді дейді. Әрине, ол міндетті түрде зияны өте көп. 1-2 жағын ғана біз анықтадық, зерттедік. Ал толық зерттеу көрсетілмеген. Созылмалы обструктивті өкпенің аурулары көп тарап бара жатыр. Қатерлі ісіктер пайда болып жатыр",-дейді нарколог Тоқтар Қойшыбеков. Елімізде 2011 жылы насыбайдың құрамында есірткі мен психотропты заттың бары анықталды. Жеті жыл бұрын заң жүзінде шектеу қойылған. "Саудагерлерге әуелі ескерту жарияланады. Кейін 5 айлық есептегіш айыппұл төлейді. Шағын және орта кәсіпкерлерге 20 айлық есептегіш айыппұлға дейін салынады. Өйткені, насыбай бәрібір темекінің бір түріне, тәуелділікке әкелетін зат",-дейді заңгер Ерқанат Бейсенов. Мамандар еріннің астына салып, сілекейін жұтып, былш-былш түкіргендер болашағын ойласа дейді. Ал, заң мен айыппұл азаматтарға шыбын шаққан құрлы әсер етпейтін секілді.