Басты жаңалықтар

Қазақстанда 30 мыңнан асатын жігіт әскерге барудан қашып жүр

Бұған соңғы кездерде көбейіп кеткен сарбаздардың жұмбақ өлімі де себеп болуы мүмкін

Елімізде 30 мыңнан астам азамат Отан алдындағы борышын өтеуден қашып жүр. Былтыр әскерге барудан жалтарып, есепке алу құжаттарын қасақана бүлдірген немесе жоғалтқан 4 мыңға жуық адам әкімшілік жауапқа тартылған. Жастар неге әскерге барғысы келмейді деген сұрақтың жауабын KYN.KZ  сайты Астана арнасының жаңалықтар қызметіне сілтеме жасай отырып жазды. Иә, бұлай айтатынымыз қазір екінің бірін ұстап алыпты, еріксіз әкетіпті деген сөзді жиі естейтін болдық. Содан болу керек жастардың дені әскери қызметшілерді көрсе болды, тұра қашуды әдетке айналдырған. Соның бірі - Байханбек. Ол әскерге барғысы келмейді. Айтуынша көз көрмесе де, құлақ естіген әлімжеттіктен қорқамын дейді. "Бармауымның себебі де өте көп. Мысалы бір жыл уақыт деген біраз уақыт. Алдыңғы жылдары көп хабар шықты. Рейдпен алып кетіп жатты. Ешкімді мәжбүрлеп керек емес. Тек әркім өз қалауымен барғаны дұрыс болады",-дейді  Байханбек есімді тұрғын. Сарбаздардың өз-өзіне қол салуы, әскерден қашу, денсаулығының сыр беруі секілді ақпараттар Байханбек секілді жастарды үрейлендіріп тастаған. Психолог Балабек Сақтағанов та жастардың әскерден жалтаруының басты себебі осы дейді. "Қазіргі уақытта көп жастарымыз өмірлерін шынымен де қызықты өткізеді. Өздерінің айналысатын хоббиі бар, өздерінің айналысатын сүйікті істері бар. Сол істерінен, сол өздерінің күнделікті қалыптасып қалған өмір сүру барысынан ажырағысы келмейді, өмірін өзгерткісі келмейді. Жастардың өзі де кейде әртүрлі жағдайлар, әртүрлі сылтаулар айту арқылы әскерге барғысы келмейтіні шынымен де рас" -дейді психолог Балабек  Сақтағанов. Жыл сайын әскер қатарына 34 мың сарбаз алынады. Бұрын сапқа тұруға барлығы асығатын. Қазір көзқарас өзгерген. Халық пікірі: - Әскерге көңілім толмайды. - Дәл қазір қауіптірек. Үлкендері жаңа барғандарға күш көрсетеді. Содан балалар өзіне-өзі көп нетіп жатыр ғой, суицидқа барып. - Бару керек жастар. Неге бармасқа? Әскерге барудан жалтарып жүрген жастарды, үлкен жауапкершілік күтіп тұр. Айыппұл салынады, қоғамдық жұмысқа тартылады. "Жергілікті әскери органның шақыртуы бойынша азамматтың келмеуі 5 АЕК айыппұл салынады. Ал әскерге шақырылушы әскерден бірнеше рет жалтаратын болса 1000 АЕК дейінгі айыппұл, не болмаса 400 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылады немесе 1 жылға дейін бас бостадығынан айырылады",-дейді  ҚР ҚК бас штабы ұйымдастыру - жұмылдыру жұмыстары  департаментінің аға офицері Руслан Тапашев. Құлықсыз жастардың барын Президент біледі. Өткен жылы наурыз айындағы халыққа Жолдауында жастарды ынталандыру керек деп нақты тапсырма берді. Қазір құзырлылар, әскерге барған жастарға бірқатар жеңілдіктер қарастырып отыр. Соның бірі әскери қызметшілеріне кредиттік каникул беру мәселесі. Қазір бұл бастама іске қосылған. Сондай-ақ, мерзімді әскери қызметшілер үшін жоғары оқу орындарында жеңілдік беріледі. Жобаны іске асыру үшін қазірдің өзінде еліміздің қырық төрт жоғарғы оқу орындарымен мемарандумға қол қойылған. Жеңілдіктер қатары алда тағы көбейтілмек.