Әкесі жігітті полицияға берді:Жетісай тұрғыны 15 жастағы қызды алып қашып, анасына 600 мың берген
Оқушының әкесі балаға алимент төлеп, бөлек тұрған. Оқушы қызының күйеуге тиіп кеткенін желіден білген
Түркістан облысында мектеп оқушысы тұрмысқа шығып кеткен. Қыз 16 жасқа да толмаған. Жетісай тұрғыны қызды алып қашып, өз ауылында беташар тойын жасаған. Ауыл салтымен жүзеге асқан той бойынша анасына 600 мың теңге көлемінде қалың бал берілген. Арада бірнеше ай өткен кезде қыздың әкесі жағдайдан бейхабар екенін мәлімдеп, күйеу баласының үстінен адам ұрлады, кәмілет жасына толмаған қызды жыныстық қатынасқа тартты деген баптар бойынша арыз түсіріп отыр. Қызының тұрмысқа шығып кеткенін желідегі парақшасынан көрген әке НеМолчи қорының директоры Дина Тәңсәріге хат жазған. " Мен қызымның тұрмысқа шығуына ешқандай рұқсат берген жоқпын. Ол әлі он алты жасқа толған жоқ, жартылай болсын шешім қабылдау еркі жоқ оның. Осы күнге дейін алимент төлеп келдім. Бірақ, қызымның тұрмысқа шығып кеткенін ойламаған жерден біліп қалдым. Адам ұрлау, кәмілет жасына толмаған жас қызды жыныстық қатынасқа тарту, әкесі ретінде меннен рұқсат алмағандары, жас қызбен бірге тұру, айтарлықтай құқық бұзушылық. Бұл жерде қызды ұрлаған адам ғана емес, баланы осындай азаматтық некеге көндіргендерді де жауапқа тарту керек",-дейді қыздың әкесі полицияға жазған арызында. Қазірге полиция қызын іздеген әкенің арызы бойынша ешқандай жауап бермеді.