Маңғыстаулық келіншек 7 жылдан кейін үшемді дүниеге алып келді
24 жастағы келіншектің қыздарына Ясмина, Алина, Адина деген есімдер берілді
Маңғыстау облысында үшем дүниеге келді. 24 жастағы келіншек жеті жылдан кейін бірден үш сәбидің анасы атанды, деп жазды KYN.KZ сайты КТК арнасына сілтеме жасай отырып. "Балдардың жағдайы жақсы. Өзімнің де жағдайым жақсы. Барлығы жақсы қарап, көмектесіп жатыр. Үшем болады деп ойлаған жоқпыз. Біз бірінші егіз деп ойладық. 12 аптаға барған кезде үшем екенін білдік. Қазір қызкеліншектерге айтарым: Алла беріп тұрған кезде босанып алуы керек деп есептеймін",- дейді Маңғыстау облысының тұрғыны Гүлдана Сахи. Жас ана жеті жыл бойы бала көтере алмаған. Сөйтіп «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасына жүгініпті. Енді, міне, бірден, Ясмина, Алина, Адина есімді үш қыздың анасы атанды. Дәрігерлер бөбектердің жағдайы бірқалыпты әрі тұрақты дейді. Жалпы егіздер мен үшемдер дүниеге келетін өңірлердің ішінде Маңғыстау облысы көш бастайды. Былтыр мұнайлы өлкеде екі үшем мен 177 егіз дүниеге келген. "Нәрестелердің күні жетілмеген. Бірақ дәрігерлердің бақылауының арқасында балалардың да, анасының да жағдайы жақсы. Жақын арада үйіне шығару жоспарланып отыр. Осы қаңтар айында 600-ден аса бала дүниеге келді. Оның ішінде – 10 егіз",- дейді Маңғыстау облыстық «Ана мен бала» перинаталды орталықтың директорының орынбасары Ақшолпан Асубайқызы.