Португалияда 2 қазақстандық дзюдошы қыз алтын мен күміс медаль иеленді
Португалияның Алмада қаласында дзюдодан өтіп жатқан Гран-при турнирінде қос қазақстандық қыз «алтын» мен «күміс» алды. Әйелдер арасында Қазақстан тарихында тұңғыш рет қос қазақстандық қыз Әбиба Әбужақынова мен Ғалия Тынбаева 48 келіге дейінгі салмақта финалға шықты. Аталмыш салмақта барлығы 19 дзюдошы бақ сынап, солардың арасынан Әбиба мен Ғалия қарсылас шыдатпады. Финалда Ә.Әбужақынова вазари әдісімен чемпион атанса, Ғалияға күміс жүлде бұйырды. Осылайша, алғашқы жарыс күні Қазақстан қоржынына алтын мен күміс медаль түсті. Еске сала кетейік, бұдан бұрын Әбиба Әбужақынованың қазақ қыздары арасынан алғаш рет әлем чемпионатының қола жүлдегері атанғанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ Португалияда өтетін Гран-при турниріне қатысатын Қазақстан дзюдо құрамасы анықталды.