Басты жаңалықтар

Әзербайжан Ирандағы елшілігінің жұмысын тоқтатты

Тегерандағы Әзербайжан дипломатиялық миссиясы өз қызметін толығымен тоқтатты, елшіліктің барлық қызметкерлері эвакуацияланды. Бұл туралы Әзербайжан Сыртқы істер министрінің орынбасары Халаф Халафов мәлімдеді, деп жазды KYN.KZ РИА Новости сайтына сілтеме жасап.  

«Біз елшіліктің дипломатиялық қызметін толығымен тоқтаттық. Елшіліктің әкімшілік ғимараты мен мүлкін күзетуге байланысты бес адам сонда қалды, елшілікте қалғандар дипломатиялық қызметпен айналыспайды», – дейді басылым Халафовтың сөзіне сүйеніп.

Еске салсақ, 27 қаңтар күні Иран астанасында Әзербайжан елшілігіне қарулы шабуыл жасалған болатын. Оқиға салдарынан елшіліктің қауіпсіздік қызметінің басшысы қаза тауып, тағы екі қызметкер жарақат алды.

Кейін Иран полициясы, алдын ала болжам бойынша, қарулы адамның Әзербайжан елшілігіне шабуыл жасауына жеке және отбасылық мәселелер себеп болғанын хабарлады.