Басты жаңалықтар

Алматылықтар дүкендерде киім өлшеп, қотыр, шуаш сынды тері ауруларын көптеп жұқтыруда

Дәрігерлер тері ауруымен емханаға түскендер саны күрт көбейгенін айтып дабыл қағуда

Алматыда жұқпалы тері ауруына шалдыққандар көбейіп барады. Денесі қызарып, бөртіп дәрігерге жүгінетіндердің дені жастар екен. Ақ халаттылар теміреткі, қотыр, қышыма сынды кесел қарашаға көбінесе киімнен жұғылатынын жеткізді, деп жазды KYN.KZ сайты КТК арнасына сілтеме жасап. Дерматологтар жаңа киімді міндетті түрде ыстық сумен жуып, дүкендердегі киім өлшейтін орындарда сақ болуға шақырады. Әсіресе, Second hand дүкендерінен тауар алу қауіпті деп отыр. Алайда бұл пікірмен ескі киім сатып пайда табатын дүкен басшылары келіспейді. Алматыдағы тері-венерологиялық диспансерінде емделушілер көп. Денесі қызарып, қышынып әлек болғандардың дені жастар. Өткен жылғы статистикаға сүйенсек, есепте тұрған науқастардың саны екі есеге артыпты. Дәрігерлер қаладағы киім-кешек сататын дүкендер тері ауруының ошағына айналғанын жеткізді. Әсіресе теміреткі, қотыр, қышыма сынды кеселдер киімнен жұғады. Олар дүкен аралап келген соң міндетті түрде жуынуға кеңес береді. "Дүкендерге барып келген соң жалпы, жуыну, жеке гигиена сақтауға кеңес беремін. Сатып алған киімді үтіктеп, үлкен градуста жуыптазалауға кеңес беремін. «Соңғы рет қайда болдыңыз, киім киіп көрдіңіз бе, дүкенге бардыңыз ба?» деп сұраймыз. Сонда есіне түсіріп жатады. Науқастардың көбі «дүкенде болдық, киім киіп көрдік» деп айтады",-дейді Алматы тері-венерологиялық диспансерінің дәрігері Бибігүл Кенжебаева. Дерматологтар қалада қаптап тұрған Second hand дүкендерінен киім алу қауіпті екенін жасырмайды. Өйткені  АҚШ пен Еуропадан әкелінетін бұрын киілген жемпір мен жейде әбден ескірген. Оны қандай адам кигені де белгісіз. Алайда Second hand-тан киінетін Денис Кряжев бұл пікірмен келіспейді. "Біріншіден, ондағы киімдер өте сапалы. Матасы да жақсы. Жазда терлемейсің. Еш қорқыныш жоқ. Ал Қытайдың тауарын кисең, денең қышып мазаң кетеді. Өнімдері сапасыз. Содан ауру жұқтырып алуға болады. Менің ойымша, ең бастысы, әр адам жеке басының тазалығын сақтау керек. Сол жеткілікті",-дейді алматы тұрғыны Денис  Кряжев. Алматыда тері ауруына шалдыққан 200 адам есепте тұр. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш тағы 26 науқаспен толығыпты. Дәрігерлердың айтуынша, үсті-басың бөртіп қасына бастасаңыз, бірден ауруханаға барған дұрыс. Себебі, тұрғындардың көбі тері ауруын аллергиямен шатастырып, асқындырып алуы мүмкін.