Басты жаңалықтар

Төреғали Төреәлінің келіншегі тұңғышы науқас боп туғаннан кейін қалай қиналғанын баяндап берді

Толқын Тұрарбекқызы: Бірнеше жыл тіпті өзіме күлуге мүмкіндік бермедім. "Үйде ерекше балам жатыр, маған ойын-сауық не керек?!" дейтінмін.

Әншінің жары бес баланың анасы атанғаннан кейін барып көпшілік алдына шыға басады. Толқын Тұрарбекқызы продюсер қайын атасының талабымен болса керек, күйеуі Төреғалидың жұлдызы жанған жылдарда да тасада отырды. Қазіргі күні желіде белсенділік танытып, исламды аясында әйелдер психологы болып отыр, деп жазды KYN.KZ сайты. Толқын Тұрарбекқызы өзіне жазылушыларға ерекше баланың анасы екенін айтып, алғашқы жылдардағы қиындықты қалай жеңгенін баяндап берді. "Ана атанамын дегенше ерекше  балалар бар екенін білмей өсіппін. Кәусарым дүниеге келіп, мың түрлі диагноз қойылған тұста отбасымызбен түңіліп кеткен едік. Бастапқыда баланың диагнозын қабылдай салу оңай емес. Емдетіп, нәтиже күтесің. Оның диагнозы өмірлік екенін мойындағың келмейді. Қарап тұрсам, адам нені қабылдайды солай өмір сүреді екен. Бастапқыда  өзіме қуануға да тыйым салатынмын. Бір жаққа шығып, көңілді бөліп келу, балаң ауырып жатқанда қай жетіскеніңнен қуанасың деп ойлайтынмын",- дейді Төреғалидың келіншегі. Оның сөзінше баланың ауыр дертке ұшырауына сәби кезде салынған екпе себепке ұқсайды. "Ия балаға вакцина дұрыс салынбады делік. Бірақ неге менің балама дұрыс салынбайды? Неге дәрігер қателесіп қалады? деп ойлаймыз. Мұның барлығы Алланың қалауы. Алла осылай болуын қалады. Алла қалады вакцина дұрыс болмады. Алла қалады сіздің балаңыз осылай ауырып қалды. Алла бізді қазіргіден де мықты болу үшін осындай сынақ берді. Осындай баланың анасы болу арқылы жан-жақты, төзімді, мықты болуымызды қалады. Неге осындай ерекше балаға қарауға күш, жігер, қайрат беріп жатқан Аллаға осы тұста рақмет айтпаймыз? Өзімізді Жертва жасауды қойып, Алланың басқа нығметтеріне шүкіршілік айтып, әрі қарай өмірімізді сүруіміз керек",- дейді Толқын Тұрарбекқызы. Әншінің жары  мысалға Ник Вуйчичтің өмірін айтты.  Аяғы, екі қолы жоқ адамның әлем халқын аузына қатратып отырған ерекшелігін айтты.