Мөлдір Әуелбекова: «Әнім харам болған жағдайда Алла берген мына дауысты қайтейін»
Дін жолын таңдаймын деп басы қатқан Қазақстан шоу-бизнесінің танымал жұлдызы Мөлдір Әуелбекова әлеуметтік желіде оқырмандарынан кеңес сұрады. Бұл туралы KYN.KZ ақпараттық агенттігі хабарлайды. Әнші қыз баланың даусы әуретке жататынын алға тартады. «Ән айту харам ба, халал ма» деген мәселенің басын аша алмай отырған Әуелбекова желідегі оқырмандарынан ақыл-кеңес сұрап, ойларын ортаға салуын өтінді. «Адам баласы иманы күшейген сайын, ақыретін көбірек ойлап, сол тарапта көбірек амал жасауға тырысады. Соңғы кезде мені қатты толғандыратын мәселе: музыка - арам (харам) әлде, адал (халал)? Әсіресе: “қыз баланың дауысы әуретке жатады” - дегенді де оқып, естуім бар... Мүмкін сол үшін де, қыз баласына дауыстап Құран, намаз оқуға рұқсат жоқ... Әнім харам болған жағдайда, Алла берген мына дауысты қайтейін??? Осы мәселе бойынша ойларыңызбен бөліссеңіздер? Мүмкін Құран аятын мысалға келтіретіндеріңіз бар шығар, жазып өтіңіздер. Маған көмектеріңіз керек! Алла Сіздерге разы болсын», - деп жазады әнші. Желідегі жұрт та тиісті жауабын беріп, пікірлерін білдірді. «Неге сонша өлімді ойлап дінге беріліп жүрсіңдер бәрің? Оданда ғылымды неге ойламайсыңдар?! Адамзатқа пайдаң тисе мың сауап алмайсың ба», «Әйел адамның даусы бөтен еркектерге харам делінген, бір сахабаның жұбайы үйде отағасы жоқта біреу есік қақса, аузына тас салып барып кім екенін сұраған өз даусын жасыру үшін», «Мөлдір, жаным сол саған дауысты Алла берді. Нәпақасы, жейтін наның осы даусымен тапсын деп. Сол даусың арқылы басыңа бақ берді. Ол бақ елдің, көптің, халықтың ықыласы. Ал Халық Құдайдан бір саты төмен деген», - дейді әншінің оқырмандары.