Астана тұрғыны ауызында стоматолог ұмытып кеткен медициналық құралды 2 жыл арқалап жүрген
Дәрігер өз қатесін мойындағанымен, қайта ауырған тісті емдеп бермеген, не жауапқа тартылмаған
Астанада келіншектің тісінде стоматологтің медициналық құралы қалып қойған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпараттық агенттігі. Екі жыл бұрын елордалық Гүлнұр қалада орналасқан тіс емханаларының бірінде емделген. Соңғы кезде екі жыл бұрын емдеткен тісі ауырып, мазасызданған. Тісін тексертуге барған азаматша тісінде медициналық құралдың қалып қойғанын білген. Дәрігердің салғырттығынан ауру арттырған жәбірленуші тұрғын ол уақытта жүкті болғанын айтты. «Тісім мазалап жүрді. Сол кісіге екі-үш рет барып жүрдім. Соңғы барғанымда нервтерді алып, маған пломба қойып берді тісіме. Оказывается нервты алып жатқан кезде бір инструменті тістің түбірінен өтіп, сүйекте қалған, біреуі тістің түбірінде қалып кеткен. Бетін пломбамен жауып жібере салды болды», - дейді Гүлнұр Дүйсенбайқызы. Оның айтуынша, емдеген дәрігер қателігін мойындаса да, ешқандай көмек көрсетпеген. Ал емхана қызметкерлері тұрғынның басқа аймаққа көшуін сылтау етіп отыр. «Диагноз қойылды: Созылмалы пульпит. Емдеу жүргізілді: анестезиямен кариозды қуысты дайындау. Тұрақты тіс пломбасы қойылды. Бақылау рентгені жүктілікке байланысты жүргізілмеген. Ұсыныстар берілді: бала туылғаннан кейін қайта тексеруден өту ұсынылды, алайда 2021 жылдың 21 мамырында басқа аймаққа көшуіне байланысты есептен шығарылды», - деген жауап айтты емхана әкімшілігі.