Басты жаңалықтар

Талдырқорғанда бала жолды өзі жөндеуге кіріскен

Талдықорған қаласында ойылған жолды 6-7 жас шамасындағы кішкентай бала жөндеуге тырысқан, деп хабарлайды KYN.KZ. Әлеуметтік желіде тараған бұл көрініс көптің көңіліне қуаныш пен ашуды бірдей ұялатты. Мұны көрген жұрт баланың әке-шешесіне алғыс айтып, жергілікті әкімшілікке деген ашуын білдірді. «Бала екеш бала соны көріп, ақыры өзі кіріскен екен», «Енді басқа кім жөндесін, баланы тәрбиелеген ата-анасына рахмет», «Әкімдіктен қайран жоқ екенін білген ғой бала да», «Балаға қараған күн», «Әкімшілік соны жөндесе болады ғой, қайда қарап отырады осылар», - дейді көпшілік. Ал әкімшілік баланың әрекетіне ризашылығын білдіруден ары аспаған көрінеді. «Талдықорған қаласының әкімдігі патриоттық тәрбие бергені үшін баланың әке-шешесіне алғыс білдіреді. Бұл – біздің болашағымыздың айнасы және баланың жасаған әрекеті жас баладан кәріге дейін әр азамат барды бағалауы қажеттігін көрсетеді».