Болат Назарбаев спирт зауытына 448 млн теңге қарыз өтейтін болды
Ақтөбе облысының Мамандандырылған ауданаралық соты «Ақтөбе өндірістік компаниясы» ЖШС басқарушысының Тұңғыш Президенттің інісі Болат Назарбаевқа түсірген шағымы бойынша өз шешімін шығарды, деп хабарлайды KYN.KZ. Зауыт 2022 жылы банкротқа ұшыраcа да, қазіргі таңда қарқынды жұмыс жүргізіп келеді. 2007 жылдан 2012 жылға дейін ЖШС «Кеңес алкоголь өнеркәсібі (СовАлкоПром) деп аталып, этил спиртін өндірумен айналысқан. 2012 жылы компания иелері толығымен өзгереді. Басшылар құрамына кенеттен Болат Назарбаев пен Тахир Гусейнов кіреді, ал компания атауы «БН Ақтөбе» ЖШС болып өзгертіледі. Атаудың алкогольге қатысы болмаса да, ЖШС этил спиртін өндіруді жалғастыра береді. 2018 жылы компания «Ақтөбе» өндірістік компаниясы» ЖШС болып қайта аталды. Болат Назарбаевтың инициалы фирманың атауынан алынғанымен, басшылығынан алына қойған жоқ. 2022 жылы компанияның қазіргі басшысы тарапынан Болат Назарбаевқа қойылған талап бойынша сот процесі басталды. Сот отырысы барысында 2013 жылы зауыттың иесі болған Болат Назарбаев 1,5 млрд теңге қарыз шартын жасасқаны белгілі болды. Мәлімет бойынша, Назарбаев 10 жыл ішінде бұл ақшаны компанияға пайызсыз қарыз шартымен құйып келген. Алайда оның бұл ақшаны берген, бермегені белгісіз. 2020 жылдың 2 сәуірінде компанияның Назарбаев алдындағы қарызы 1,2 млрд теңгеге жетеді. Оны төлеу үшін компания барлық мүлкін сатуға қояды. Назарбаев фирманың барлық активтерін 751 млн теңге бағасымен алады. Назарбаевпен есеп айырысып, 2021 жылы компания банкротқа ұшырап, банкроттыққа өтініш береді. Банкроттықты басқарушы – Кеңес Дүйсебаев болды. Ол 2022 жылы Болат Назарбаевпен жасасқан шартты жарамсыз деп тану туралы сотқа арыз береді. Алайда сотталушы да, оның өкілі де сотта қарасын көрсетпеген. Нәтижесінде сот талапты қанағаттандырып, 1,5 млрд теңге қарыз туралы шартты жарамсыз деп таныды. Назарбаевтың өзі банкрот фирмаға 448 млн теңгеге алынған мүлікті қайтаруға міндеттелді.