Басты жаңалықтар

Жастарға кәсіп үшін берілетін 2,5 %-тік несие наурызда үлестірілетін болды

Мұндай көмек несиеге қойылатын талаптар да айтылды

Наурыз айынан бастап жастарға жеңілдетілген несие беріледі. Жылдық үстемесі 2 жарым пайыз, қайтару мерзімі бес немесе жеті жылға дейін. Биыл елімізде жастардың орта жасы 35-ке дейін ұзартылғандықтан, бағдарламаға 21-ден 35 жасқа дейінгі ел азаматтары қатыса алады. Дегенмен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлағандай, мемлекет қолдауына екінің бірі ие бола алмайды. Өтініш бергендердің дөңгелетіп отырған қандай да бір кәсібі болуы шарт. Сондай-ақ банкке кепілге қоятын жылжымайтын мүлігі болуы керек. "Шағын несиенің көлемі, ең үлкен көлемі 5 млн теңгеге дейін. Ол кез келген мақсатқа беріледі. Қатысатын – жеке кәсіппен айналысатын азамат. ЖК бес жылға дейінгі мерзімде болуы керек. Бес жылдан асып кетсе, қатыса алмайды. 21 жастан 35 жасқа дейінгі аралықта. Бұл жерде кепіл зат қою міндеттемесі де бар", - дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің департамент директоры Асқар Ниязов. Жастарды қолдау бағдарламасы туралы мемлекет басшысы былтыр күзде халыққа жолдауында айтқан. Еңбек министрлігі жобаның жүзеге асыруын қағаз жүзінде бекітіп, алдағы наурыздан бастап іске асырады. Бағдарламаға бас-аяғы 29 млрд теңге қарастырылған. «Осынша сомаға шамамен 6 мыңға тарта азамат несие рәсімдей алады деп отыр. Еңбек министрлігі бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуінде ақпан айының 20-нан бастап халықтың әлеуметтік әлсіз тобына арналған жаңа бағдарламаның басталатынын мәлімдеді. Аталмыш жобаға бюджеттен 12 миллиард бөлінген. Бағдарламаға қатысуға ниеттілерге бірқатар талап бар. Соның бірі – сапалы бизнес-жоспар. Ал Үкіметтің беріп отырған қолдау қаражаты 400 айлық есептік көрсеткіш, яғни 1 млн 380 мың көлемінде. Кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын жобаның шарапатын бас-аяғы 9 мың тұрғын көре алады. "Тегін гранттар, бұл ақшаны оңды-солды тарату деп түсінбеуіміз керек, оның мақсатты жұмсалуын қадағалаймыз. Жобаның қандай да бір қайтарымы болуы керек. Жұмыспен қамту, әлеуметтік, экономикалық пайдалы жағы дегендей. Сондай-ақ бүгін бар, ертең жоқ емес, әсіресе оның өміршеңдігі бағаланады",-дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Олжас Ордабаев.