Басты жаңалықтар
Өзі тапсырыс беріпті: "Көлігімді өртеп, маған қастандық жасады" деп дабыл қаққан кино орталығының директоры қамауға алынды
- автор kyn.kz
- 8 ақпан, 2023
- 191
Құқықтық органға "жұмыс істемейсіңдер" деп өзін жәбірленуші етіп көрсеткен белсендінің айласы жүзеге аспай қалды
Таразда кино орталығының директоры қамауға алынды. Нұрлан Қанатов өз көлігін өртеуге тапсырыс берді деген күдікпен ұсталып отыр. Қазір тәртіп сақшылары оның неліктен мұндай қадамға барғанын тексеріп жатыр,деп хабарлайды KYN.KZ сайты КТК арнасына сілтеме жасап.
"Үйімнің жанында жарылыс болып, көлігім өртенді. Қатты жарылысты естіген көршілерім атып шығып, өртті сөндіре бастаған. Мен үйімде болған жоқ едім",-деген еді белсенді қайғылы жағдай болған кезде.
Бұл оқиға үш жарым ай бұрын болған. Нұрлан Қанатов сол кезде өзіне және отбасына қастандық жасалғанын айтып дабыл қаққан. Әлеуметтік желіде түрлі мәселе көтеретін белсенді бұл жағдайды өзінің қоғамдық жұмысымен байланыстырып және оның артында лауызымды шенділердің тұрғанын айтқан. Полицейлер техникаға қасақана от қойған адамның ұсталғанын жеткізді. Сөйтсе оған 41 жастағы белсендінің өзі тапсырыс беріпті. Қазір күдікті қамауға алынып, оған қатысты тергеу басталды.
"Қанатовқа қатысты ҚР ҚК 419-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Адамды ауыр қылмыс жасады деп айыптаумен ұласқан не пайдакүнем ниетпен көрінеу жалған сөз сөйлеу. Оның кінәсіне қатысты нақты дәлелдер бар. Өртеп жіберген адам анықталғаннан кейін, Қанатов тергеуге түрлі жолмен кедергі келтіруге тырысты",- деген еді Жамбыл облысы ПД бастығының орынбасары Алмаз Саламатов.