Досаев әкімдік қызметкерлеріне шағымданған зейнеткерге: Қоластымдағыларды ренжітуге жол бермеймін
Досаев зейнеткерді бір ай әкімдікте өзімен бірге жұмыс істеуге шақырды
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев шенеуніктердің қабылдауына жазыла алмай жүрген Бостандық ауданынынң тұрғынын бір айға әкімдікте бірге жұмыс істеуге шақырды, деп хабарлайды KYN.KZ. Бостандық ауданында әкімнің халықпен кездесуі кезінде тұрғындардың бірі шенеуніктердің үнемі қызметтік орнында болмай, сыртта жүретініне байланысты олардың қабылдауына жазыла алмай жүргенін айтып, шағымданды. Ол әкімнен қарамағындағыларға "кабинетінде отырмай", жұмыс істеуді тапсыруды сұрады. "Адамдар демалыссыз 16 сағат жұмыс істейді. Негізсіз сөйлемейік. Мен сізді мемлекеттік қызметке шақырамын, бір ай бізбен бірге болыңыз, қалай жұмыс істейтінімізді көріңіз", – деді Досаев. Бұған жауап ретінде ер адам өзінің зейнеткер екенін айтты. Әкім бұл ретте оның орынбасарлары халықты қабылдайтынын атап өтті. "Мен мынаны айта аламын: қалада мемлекеттік қызметкерлер соншалықты көп емес, бірақ олардың барлығы бар жалақысына адал және артығымен жұмыс істеуге тырысады. Қызметкерлерімді ренжітуге жол бермеймін", – деді әкім.