Тапсырмамен барған: Таңғы 07:40-та сыныптастарын балталаған оқушының қатыгездікке бару себебі айтылды
Ол арнайы бірнеше күн дайындалып, масканы өзі қолдан жасаған
Оқу орнындағы оқыс жағдай. Петропавлда 9-сынып оқушысы мектепке балта мен пышақ әкеліп, балаларға шабуыл жасаған. Үш оқушы жараланды. Бетперде киіп, жан-жағына балта сілтеген жеткіншекті өзімен қатарлас балалар тоқтатып, ұстаздарына хабар берген, деп жазды KYN.KZ тілшісі КТК жаңалықтарына сілтеме жасай отырып. Қазір басы мен иығынан жараланған екі оқушы облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Мектептегі төтенше оқиғаға қатысты тергеу басталды. Оқиға бірінші ауысымның сабағы басталар кезде болған. 15 жастағы оқушы балта мен пышақты сөмкесіне салып алып келіпті. Тіпті дәретханаға кіріп, басына бетпердені киіп алған. Сөйтіп жайбарақат жиналып тұрған балаларға тап береді. Қолындағы балтасымен бастан дәлдеп ұрып үш оқушыны жарақаттаған. Мектептің іші азан-қазан болып, қарулы жасөспірімді балалар әрең тоқтатты. "Ол кәмелетке толмаған баланы полиция қызметкерлері қамауға алынды. 99 бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлығы анықталады, сот шешім қабылдайды",-деді Петропавл қаласы прокурорының орынбасары Қайсар Әбішев. Қамауға алынған жеткіншек жайлы жан-жақты тексеріс жүріп жатыр. Жасөспірімнің денсаулығында кінәраты болғанға ұқсайды. Ол 2021 жылы «депрессия» диагнозымен психдиспансерде ем алған екен. "Емделіп келген соң психолог онымен жұмыс істеп жүрді. Және де ол балалардан ешқандай қиындық көрген жоқ. Өз-өзімен оқып, ақырын жүре берген бала",-Петропавл қаласындағы №4 мектеп директорының орынбасары Алмагүл Қасымова. Ақырын ғана жүрген баланың дәл қазіргі психологиялық денсаулығы қалай екені әзірге белгісіз. Ал жансақтау бөлімінде жатқан оқушыларға ота жасалған. "Маған телефон шалып, мектепте оқыс оқиға болды деді. Баламның басынан балтамен ұрғанын айтты да, бәрі жақсы болады деп жұбатты. Жедел жәрдем келіп алып кеткен. Қазір ота жасалып жатыр, баламды әлі көрген жоқпын",-дейді зардап шеккен оқушының анасы Галина Бейсекеева. Қазір мектепте құзырлы органдар тексеріс бастады. Балалар арасында өзара кикілжің болды ма, жоқ па, оны тергеу анықтайды. Ал қару әкелген жеткіншектің психологиялық ауытқуы болса, ол неге жалпы білім беретін мектепте оқып келді деген сұраққа жауап медициналық сараптамалардан кейін белгілі болады. Бұрын депрессияға түсіп, емханаға жатып шыққанын қылмыс жасаған оқушының ұстаздары айтты. Ал мынандай қатыгездікке баруына интернеттен тапсырма беретін ойын себеп болған. Ол ойында тапсырма беріледі, оның орындалуына нақты уақыт қойылған. Оның телефондарын полиция тексеріп, ойын тапсырмасы бойынша ол балтамен төрт ағаш шабуы керек болған. Неге екені белгісіз ол мектеп оқушыларына қарай жүгірген. желі қолданушылары психологиялық ауытқуы бар баланың мезгілімен қозатын ауруы өршіген болуы керек деген болжамдары да бар.