Орал әуежайы мемлекет меншігінде қалады
Ал шетелдік инвесторға терминал үш жылға сенімгерлік басқаруға ғана берілген
Оралдық шенеуніктер Мәншүк Мәметова атындағы халықаралық әуежайдың сатылуы төңірегенде әңгімеге наразы болған жұртты сабырға шақырды. Айтуларынша, әуежай бұрынғыша мемлекет меншігінде қалады, деп жазды KYN.KZ сайты. Әуежайдың терминалы былтыр күрделі жөндеуден өткізілген. Оған Карашығанақ консорциумы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі негізінде 6 миллиард 600 миллион теңге бөлді. Содан бері терминалды қазақстандық компания сенімгерлік басқарумен ұстап тұрған. Енді сол компанияны «Орал аэропорт холдинг» деп аталатын ЖШС сатып алып отыр. Осы серіктестіктің ішіндегі үлестің үштен бірі ресейлік компанияға тиісілі екен. Сондықтан әуежай шетелдік инвесторға сатылды деуге еш негіз жоқ дейді жауаптылар. Терминалды үш жылға басқаруға алған осы компанияны оның орналасу жағдайы қызықтырған. Келешекте жолаушыларға қызмет сапасын арттырып, қосымша ұшу бағыттарын ашу жоспарланып отыр. Ал әуежай мемлекет меншігінде қала береді. "Компанияның негізгі қатысу үлесі Қазақстан тарапына тиесілі. Стратегиялық нысандар мемлекет меншігінде қалып отыр. Атап айтқанда, ұшуқону жолағы ҚР индустрия және инфроқұрылымдық даму министрлігінің азаматтық авиация теңгерімінде. Жолаушылар терминалы, яғни әуежайдың өз ғимараты Ақжайық әлеуметтік корпорациясы АҚ теңгерімінде",- деді БҚО Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айдар Менеев.