Петропавлда үш баланы жарақаттаған 9-сынып оқушысы 2 айға қамауға алынды
Петропавлда мектепке сөмкесіне пышақ-балта салып әкеліп, 3 баланы жарақаттаған 9-сынып оқушысын сот 2 айға қамауда ұстау бұлтартпас шарасын берді, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап. Солтүстік Қазақстан облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, 15 ақпанда Петропавл қаласының мамандандырылған тергеу соты кәмелетке толмаған Д.-ны 2 ай қамауда ұстау жөнінде санкция берді. «ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректері жария етілуге жатпайды», - делінген хабарламада. Естеріңізге салайық, 13 ақпан күні Петропавлдағы №4 орта мектептің 9 сынып оқушысы мектепке қаруланып келіп, өзімен қатарлас үш оқушыны жарақаттады. Кейін белгілі болғандай, мектепке балта-пышақ әкеліп, балаларға тап берген оқушы дәрігерлердің психиятриялық есебінде тұрған. Зардап шеккен екі балаға шұғыл түрде ота жасауға тура келді. 14 ақпан күні олар жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды. Жағдайлары тұрақты, өмірлеріне келер қауіп жоқ. Ішкі істер министрі оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Балалардың құқығын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова Петропавл мектебінде болған шабуылды тексеру нәтижесінде анықталған алдын ала деректерді жариялады.