Басты жаңалықтар

Әйелін соққыға жықпақ болған: Алматыда ер адам өзі реанимацияға түсті

Алматы қаласы Түркісіб аудандық полиция басқармасының учаскелік полицейі күйеуінің үстінен сегіз рет арыз түсірмек болған әйелдің өтінішін қабылдаудан бас тартқан, деп хабарлайды  KYN.KZ тілшісі  Azattyq Ruhy сілтеме жасап. Бұл туралы қоғам белсендісі Дина Таңсәрі әлеуметтік желіде хабарлап, зардап шеккен әйелдің адам шошырлық суреттерін жариялаған. Ал әйелі тұратын үйдің терезесін сындырған ер адам қатты жарақат алып, реанимацияға түскен. «Арыстанғани Заппаров атты учаскелік полицей зардап шеккен әйелден сегіз рет арыз қабылдаса да, шара қолданбаған. Ол әйелге «сіздер заңды түрде ажыраспаған соң оны жазалай алмаймын» деген. Жазаланбаған соң ол әйелі тұрып жатқан үйдің есігін, терезесін сындырған. Үйіне кіріп, әйел өз ақшасынан несиесін төлеп отырған қымбат телефонды ұрлап кеткен. Бір рет терезеден кіремін деп, оның шіліне жараланып, қанжоса болған», - дейді сұмдық оқиғаны баяндаған Дина Таңсәрі. Ал зардап шеккен әйелдің айтуынша, күйеуі оған үнемі қорқытатын хабарламалар жібереді екен. Яғни «әйелі мен омыраудағы баласын өлтіріп, артынша өзімді өлтіре саламын, солай жазадан құтыламын» деген мәтінде хабарлама жібереді. «Өзі мен баласының өміріне қорыққан әйел анасының үйіне қашып кеткен. Бірақ күйеуі ол жерден де тауып алып, қорқытқан. Яғни бұл жерде бірнеше қылмыстық істің құрамы бар. Алматы қаласының прокуратурасынан учаскелік полицейдің әрекетсіздігіне қатысты шара қолданып, қоғам мен отбасына қауіп төндіріп отырған адамды қамауға алуды өтінеміз», - деген Дина Таңсәрі. Ресми органдар тарапынан бұл іске қатысты әлі ресми жауап келген жоқ.