Орталық сайлау комиссиясы талапты бұзған төрт кандидатты жауапқа тартуға рұқсат берді
Орталық сайлау комиссиясы Бас прокуратураның ұсынысы бойынша үгіт-насихат талаптарын бұзған 4 кандидатты жауапкершілкке тартуға рұқсат берді, деп хабарлайды Қазақпарат. Прокуратура органдары осы сайлау заңнамасының мүлтіксіз сақталуына күнделікті мониторинг жасап отыр. Үгіт-насихаттың заң талаптарына қайшы жүргізілуіне байланысты 5 факт анықталды, яғни олар кандидаттарды тіркеу аяқталмас бұрын шараларын бастап кеткен. Оның ішінде 1 кандидат әкімшілік жауапкершілкке тартылды. Ал төртеуі тиісті тіркеуден өтіп қойған. Заң талаптарына сәйкес, кандидаттың тіркелген күннен бастап сайлау қорытындысы жарияланғанға дейін сот шешімімен әкімшілік жауапкершілікке тартылуы тек Орталық сайлау комиссиясының келісімімен ғана жүзеге асырылады. Бас прокуратура осындай заң талаптарын бұзу фактілерін шешу барысында және Орталық сайлау комиссиясының рұқсатын алу мақсатында кеше тиісті ұсынысты ОСК төрағасының атына жолдады. Біздің ұсынысымызды қарап, 4 кандидатты жауапкершілікке тартуға рұқсат беруіңізді сұраймыз, - деді Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев. Оның айтуынша, тіркеу аяқталмай жатып, үгіт-насихат жұмыстарын бастап кеткендер – Астана, Тараз және Қарағандыдағы бір мандатты сайлау округтерінен шыққан кандидаттар. "Бас прокуратура жолдаған ұсынымдардың мазмұны ұқсас болғандықтан, осы 4 азаматқа қатысты шешімді бір қаулымен қабылдауды ұсынамын", - деді ОСК мүшесі Асылбек Смағұлов. Орталық сайлау комиссиясының мүшелері тіркелген 4 үміткерді жауапқа тарту шешіміне бірауыздан қолдау білдіріп, келісім берді.