Басты жаңалықтар

Іссапармен өзге елге кетіп бара жатқан ер адамға жолда кезіккен белгісіз ауыл артынша жоғалып кеткен

Оқырмандардың бірі басынан өткен таңғажайып оқиғаны баяндап берді. Оның айтуынша, Ресейдің Калининград қаласына бара жатқан жолда белгісіз ауылға тап болған. Артынша полиция қызметкерлерінен ондай елдімекеннің жоқ екенін білген. Бұл туралы KYN.KZ тілшісі жазды. Адам айтса сенгісіз оқиға. Өз көзімізбен көрген дүние, көз алдымызда ғайып болды. Оны басқаларға қалай дәлелдейсің? Тылсым дүниенің бары анық. Алайда ол өз басыңнан ғана өткен соң басқаларды сендіру қиын. Жұмыс бабымен екі жігіт болып Калининградқа іссапармен баратын болдық. Алғашында пойызбен баратын болғанбыз. Кейіннен қасымдағы серігім көлікпен барып қайтайық деп ұсыныс айтты. Ондағы ойы – Калининградтан сәл әріде тұратын ата-анасына да барып қайту екен. Мен келістім. Белгіленген күні екеуміз жеңіл көлікпен жолға шықтық. Егер ешқайда бұрылмай тура жүрсек, шамамен 8-9 сағатта Калининградта боламыз. Бұл екі араға көлікпен алғаш жүруіміз болғандықтан жолға таңертең ерте шықтық. Үш сағаттай жүрген соң серігім машинаның жанармайы азайғанын айтып, «жанар май құю бекеті» деген белгіні жіберіп алмай, мұқият қарап отыруды тапсырды. Жақын маңда ауыл көрінбейді. Май бітсе, далада қалатын түріміз бар. 15-20 минут жүргенімізде алдымыздан «Төмен 5 км» деген жол белгісін көзім шалды. Бағыт оңға қарай деп көрсетіліпті. Елдімекен белгісінің астында қонақүй, асхана, жанармай құю бекеті деген қосымша белгілер тұр. Қашық емес екен, бұрылып барып, жанармай құйып алайық деп шештік. Тас жол болмағанымен, ауылға апаратын жол тегіс екен. Әне-міне дегенше ауылға да жеттік. Кішкентай ғана ауыл. Үйлері ескі. Ауыл ішінде әрі-бері жүрген адам да көрінбейді. Біз алдымен ауылдың шетіне қарай орналасқан жанармай құю бекетіне қарай бет алдық. Май құйып болған соң серігім кассирден «Калинингарадқа дейін қанша шақырым» деп сұрады. Ол біздің бетімізге таңырқай қарап, «қандай градқа» деп өзімізге қарсы сұрақ қойды. Серігім қайта сұрап еді, кассир әйел тағы да «қандай градқа» деп қайталады. Серігім «мынау саңырау ма?» деп күбірлей сөйлеп, келіп көлікке отырды. «Дүкеннен сусын алып алайық, сол жерде кісілерден тағы қанша жол қалғанын сұрармыз» деді. Дүкенге кіріп су алдық. Дүкенде бізден басқа ешкім жоқ екен. Серігім сатушыдан «Калинингарадқа дейін қанша шақырым» деп сұрады. Сатушы бетімізге бажырая қарап, «қандай градқа» деп өзімізге қарсы сұрақ қойды. Қайта сұрап еді, тағы да сол жауапты қайталады. Сатушыдан дұрыс жауап ала алмасымызды сезіп, дүкеннен шығып кеттік. Қайта үлкен тас жолға қарай бет алдық. Ауылдан шыға берісте қарсы келе жатқан бозбаланы көріп, серігім көлікті тоқтатты. Біздің бірдеңе сұрағалы тоқтағанымызды сезген болу керек, бала да тоқтады. Серігім одан «балақай Калинингарадқа дейін қанша шақырым болатынын айта алмайсың ба» деп сұрады. Бала бізге таңырқай қарап «қандай градқа» деп қайта сұрақ қойды. Серігім қайта сұрап еді бала ашуланып, бізге сұстана қарады. Серігім көлігіне отырып жатып, «мына ауылдың бәрі жынданған ба» деп күбірледі. Оның жүзінен үрей байқадым. Шыны керек менің де бойымды қорқыныш биледі. Өйткені мына ауыл да, ондағы адамдар да, олардың іс-әрекеттері де қалыпты тіршіліктен бөлек екенін сол кезде сездім. Серігім де соны сезген болу керек, отыра салысымен газды басты. Тас жолда келе жатқандай басып келеді. Артымызға бұрылып қарауға шама жоқ. Құдды соңымыздан жын-шайтан қуып келе жатқандай сезімде болдым. Серігімнің де қорқып келе жатқанын көзінен көріп келем. Тіпті бір-бірімізге тіл қатуға да шама болмады. Күре жолға қалай жеткенімізді де сезбей қалдым. Жолға шыққанымыз сол, бізді жол полицейлері тоқтатты. Құжатымызды алып, қаттама толтыруға кірісті. Серігім «мен ешқандай жол ережесін бұзған жоқпын, неге қаттама толтырмақшысың» деп жол полицейінің қолына жармасып жатыр. Мен де ештеңені түсінбей тұрмын. Расымен де ол жол ережесін бұзған жоқ қой. Мен өз ойыммен болып тұрғанда жол полицейінің «жылдамдықты асырдыңыз, бәрі камераға жазылған» дегенін есітіп қалдым. Серігім болса «ау, қайдағы жылдамдықты асырғаны, ана ауылдан келеміз, тас жолға шыққанымыз осы» деп түсіндіріп әлек. Ал жол полицейі болса «қайдағы ауыл, бұл маңда ешқандай елді мекен жоқ» деп оның сөзін тыңдамады. Полицейдің мына сөзіне шыдай алмай, сөзге мен араласып «әне жол белгісі тұр ғой» дедім. Полицей «мынаның есі дұрыс па» дегендей бетіме бажырая қарады. Мен әне деп артыма бұрылсам, ешқандай бұрылыс та, жол белгісі де жоқ. Серігім екеуміз өз көзімізге өзіміз сене алар емеспіз. Бағана ғана тұрған жол белгісі ғайып болыпты. Түсініксіз. Біз аң-таң болып тұрғанда жол полицейі «бері келіңіздер, міне, камераның түсіргені» деп бізді өздерінің қызметтік көлігіне қарай шақырды. Компьютер біздің көліктің 160 км жылдамдықпен жүргенімізді көрсетіп тұр.