Басты жаңалықтар
Димаштың қазақша әндерін түсінгісі келген Лондон тұрғындары қазақ тілін үйреніп жатыр
- автор kyn.kz
- 21 ақпан, 2023
- 317
Қазақтың маңдайына біткен шоқ жұлдызы Димаш Құдайбергеннің арқасына ағылшындар қазақша үйреніп жүр. Лондондықтардың қазақ тіліне деген қызығушылығын танымал әнші оятқан, деп хабарлайды KYN.KZ ҚазАқпарат-қа сілтеме беріп.
Қазақ тілінде амандасып, қоштасып жүрген олар ендігі қазақша әндерді де айтып жүр.
Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінде Халықаралық ана тілі күні қарсаңында елшіліктің ұйытқы болуымен кеш өтіп, «Димаш Құдайберген. Ұлыбритания және дүниежүзі» фан-клубының белсенді мүшелері қатысты.
Кешке жиналған қатысушылардың мұнда келгендегі мақсаты мен үні бір. Ол, әрине Димаштың өнері. Қазақтың дара баласы арқылы қазақ елін танып, кең-байтақ жерін көріп, қазақтың ішкен асы мен суынан дәм татып, бай мәдениетімен танысқандар да баршылық.
«Мен негізі бала күтімі бойынша колледж студенттеріне лекция оқимын. Фан-клубымызды 2022 жылдың тамызында аштық, бар болғаны 6 ай өтті. Күні кеше 1 000-шы мүшеміз қатарымызға қосылып, қатты қуандық», - дейді фан-клуб төрайымы Джилл Бичем.
«Құлағымдағы сырға мен мойнымдағы алқаны Алматыға Димаштың концертіне барғанда сатып алдым. Тереза құрбым екеуміз көлге бардық, шатқалдарды да көрдік. Өте тамаша уақыт өткіздік», - дейді фан-клуб мүшесі Луанна Кипинг.
«Қазақстанның мәдениетіне, тіліне тәнтімін. Халқы да керемет. Біз осы фан-клубқа мүше болғанымызға қуанамыз. Димаш барлығымызды үлкен шаңырақ астында біріктірді. Біз ұйыған бір отбасындаймыз»,- дейді оның құрбысы Тереза Невес.
Аталған шара барысында Халықаралық фан-клуб мүшелері қайырымдылық шарасын да ұйымдастырып, еліміздегі «SOS балалар ауылы» үкіметтік емес қоғамдық ұйымына қаржы жинап берді.
Бұл қаражатқа жетім, ата-анасының қарауынсыз қалған балалар музыкалық аспаптар сатып алып, қазақтың дәстүрлі домбырасында ойнап үйренуге қол жеткізеді.
«Біз әзірге 1 млн теңге жинадық. Науқан әлі де жалғасып жатыр. Бұл сома еселене түседі деп сенеміз. Болашаққа құрған бірқатар жоспарларымыз бар. Алдағы уақытта «SOS балалар ауылының» тәрбиеленушілеріне онлайн платформа арқылы ағылшын тілін үйреткіміз келеді. Сондай-ақ сол ауылға барып, оқытатын мұғалімдерге ақша төлеу де ойымызда бар»,- дейді фан-клуб төрайымы Джилл Бичем.