Басты жаңалықтар

Петропавлда 4 сағат бойы ота жасалған жүкті әйелдің жағдайы белгілі болды

Перинаталдық орталық дәрігерлері дерті асқынған жүкті келіншекке 4 сағат бойы ота жасап, ана мен баланың өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі. Солтүстік Қазақстан облыстық көпбейінді аурухана перинаталдық орталығы берген ақпаратқа сәйкес, жүкті әйелдің кіндік тұсының жоғары жағы ауырып, дәрігерлерге жүгінген. Уақытты ұтымды пайдалану мақсатында дәрігерлер бірден ота жасау туралы шешім қабылдаған. «Көп жағдайда жүкті әйелдерде ауру белгілері анық байқалмайды. Сондықтан жедел ота жасалмаса науқас өліп кетуі мүмкін. Сол себепті жүктілігі 27 апта болатын келіншекті кесарь тілігі арқылы босандырып алып, операция жасауға шешім қабылданды. Науқаста соқырішек болған, ол асқынып кеткен», - дейді мамандар. Олар қолдарынан келген шараның бәрін жасап, әйел мен сәбидің өмірін сақтап қалуға барын салды. Ота аяқталған соң 1200 гр нәресте өмірге келіп, жылдам жаңа туған сәбилердің жан сақтау бөліміне ауыстырылды. Мамандардың сөзіне сенсек, кесарь тілігінен басқа тағы бір емдік амал жасалған. Соқырішегі алынып тасталып, ішкі құрылысы тазаланған. Бүгінгі таңда екінші баласын босанған ананың өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ, жаңа туған балалар патологиясы бөлімінде, сәбиінің қасында, жатыр.