Басты жаңалықтар

Ұзынағаш ауылын су басты

Алматы облысында 50 шақты үйдің ауласын су басты. Ұзынағаш ауылында болған тасқын су тіпті кей баспаналардың ішін де шайып өткен, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі. Еріген қар суы мен дамылсыз жауған жаңбырдың салдарынан көшелерді де су басты. Тұрғындар шарасыздықтан қолдан жасалған соқпақпен жүріп-тұруға мәжбүр. Лайланған су үйлерге кіріп, біраз адам баспаналарын тастап шығуына тура келген. «Жағдайды қалыпқа келтіруге аудандық ТЖБ мамандары мен әскерилерді қоса алғанда 30 адам және 8 техника жұмылдырылған. Бірақ, бұл 30 мыңнан астам халқы бар Ұзынағашты қызыл судан арылтуға жеткіліксіз. Сондықтан баспаналары мен аулаларын су шайған тұрғындар тағы бірнеше күн күтуі керек», - деді аудан әкімінің орынбасары. Ұзынағашта ағынды суларға арналған 30-дан аса арық болғанымен, олардың көбі қоқысқа толған. Қазіргі уақытта насостармен суды сорғызу жұмыстары жүріп жатыр. Ауыл тұрғындарына келген шығын мөлшері, сондай-ақ ол шығынның өтелу не өтелмеуі әзірге белгісіз.