Аяққа тұрған сәтіндегі видеоны емші мен тілшіге өшірте алмаған келіншекке заңгер көмектесетін болды (видео)
Төрт баланың анасы қанша жыласа да емші мен тілші видеоны өз парақшаларына салып, өшірмей пайда табуға кіріскен
"Емші мен тілші аяққа тұрған видеомды көрсетіп елді өздеріне сендіріп жүр" деген Бақыт Рашидқызының мәселесі әлі шешілмей жатыр. Себебі, видеосы әлі күнге желіде тұр. Бір сеанстан кейін бірнеше қадам жасаған төрт баланың анасы уақытша жүргенін халыққа түсіндіре алмай әлек. Өз ара сөйлесіп мәмілеге келе алмаған тараптардың мәселесін заңгер Нұрболат Ибраев әрі қарай жүргізуді қолына алды. Заңгер осы мәселе елге тараған тұста KYN.KZ тілшісіне хабарласып, арбаға таңылған келіншекке тегін көмек көрсете алатынын айтты. Сөзінше заң бойынша Бақыт Рашидқызының талабы орынды. Әйелдің талабын елемеген қарсы тарап, өз қатесін мойындап кешірім сұрамаған жағдайда заңды түрде жасаған қателіктері үшін айыппұл арқалайтынын жеткізді. Бүгін заңгер Бақыт Рашидқызынан нотариалды түрде оның құқығын қорғауға рұқсаты бар деген қағазды алды. Енді қарсы тараппен жұмысты бастайтын болады. Естеріңізде болса Бақыт Рашидқызының оқиғасы жайлы материал жариялаған болатынбыз.
«8 минутта аяққа тұрды» деген келіншек: Арна тілшісі мен емші шындықты жасырып отыр
Заңгер Нұрболат Ибраев осы мәселені қолға алғаннан кейін материалды өз парақшасынан алмай отырған арна тілшісі видеоларды бірден өшіруге келісті. Мемлекеттік арна эфирінен шыққан видео түрлі желілерде тарап кеткен. Бірақ, арнаның ресми парақшаларында жоқ.