Атырауда 23 млн теңге пара алған көлік инспекциясы қызметкеріне сот үкімі шықты
Атырау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының 13 серіктестіктен 23 млн теңге пара алған қызметкері сотталды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі. Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігінің 3,4-тармақтарымен (Ірі мөлшерде бірнеше рет пара алу) қозғалған облыстық көліктік бақылау инспекциясының бас маманына қатысты қылмыстық іс Атырау қалалық №2 сотында қаралды. «Атырау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының бас маманы С. ірі габаритті немесе ауыр салмақты көлік құралдарының Атырау облысы аумағынан кедергісіз қозғалуына ықпал жасағаны үшін 2020-2022 жылдар аралығында 13 ЖШС-дан бірнеше рет ірі мөлшерде пара алып келген. Жалпы сомасы 23 817 000 теңгені жұбайының, анасының, енесінің, әріптесінің жұбайының атындағы «Kaspi Gold» қосымшасындағы шоттар арқылы алған. Көрсетілген мән-жайлар мен сотталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, жедел-тергеу әрекетінің нәтижелерімен, бейнежазбалармен, арнайы тексеру құжаттарымен, сот фонографиялық, сот психологиялық-филологиялық сараптамалар және аудиторлық қорытындылармен дәлелін тапты», - деп мәлімдеді қалалық сот баспасөз қызметі. Тергеуші сотталушыға 8 жылға бас бостандығынан айыру туралы жаза тағайындауды ұсынды. Өзіне тағылған айыппен келіспеген сотталушы ақтауды сұраған. Сот үкімі бойынша өмір бойына мемлекеттік қызмет саласында еңбек ету құқығынан айырылып, 8 жылдық мерзімге сотталды.