Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Айдана есімді бойжеткен: Жеңгем анамды аяусыз ұрып-соғып, ағамды маған қарсы қойды

Айдана есімді бойжеткен: Жеңгем анамды аяусыз ұрып-соғып, ағамды маған қарсы қойды
ашық дереккөз
Айдана есімді ару бүгінде ағасы мен жеңгесінен бөлек тұратынын, анасы екеуі бөлек үй алып шығып кеткенін айтады. Оның сөзінше, бір күні жеңгесі анасын таяқтың астына алып, аяусыз ұрып жатқанының үстінен түскен. Ал анасы болған жағдайды немересін қимағандықтан ұлына айтпаған. Бұл туралы KYN.KZ ақпарат агенттігі жазды. Шаңырағымызда келін түсіп қатты қуанып едім. Бірақ дәл сол уақытта бұл әйелдің анама қол көтеретіні, кейін ағамды өзімізге қарсы қоятыны үш ұйықтасам түсіме кірмеген еді. Осыдан бірнеше жыл бұрын университеттің екінші курсында оқып жүрген кіші ағам анам екеумізге үйге келін алып келетінін айтты. Отбасымыздың тағы бір мүшесі пайда болатынына мен де қуандым. Көптен күткен той күні де келіп жетті. Жүктілігіне байланысты асығыс тұрмыс құрған жеңгем шаңырағымызға маңдайы торсықтай ұл алып келіп, бізді шаттыққа бөледі. Кішкентай сәбиге деген ықыласымыздың ерекшелігі сондай, інішегім жылай қалса барлығымыз ұйқымыздан атып тұрамыз. Есесіне жеңгем жылаған баласы үшін түн ұйқысын төрт бөліп мазаланған емес. Сымбатын құртпау мақсатында баланы емізуден бірден бас тартты. Сондықтан анам екеуміз шақалаққа қатты бауыр басып кеттік. Түнде ұйқымыз шала болған бізге жеңгеміз таңда тұрып шай қойып, үй тірлігіне көмек беруге жарамады. Мен де студент атандым. Сондықтан көбіне үйде бола бермеймін. Демалыс күндері үйдің тірліктерімен айналысып, балаға қарап, өмірімді өткізе бердім. Сондай жексенбі күннің бірінде ас үйден шыққан айқайдан, әйел адамдардың ащы дауысынан шошып ояндым. Ақырын ас бөлмеге барсам, жеңгем анамды ұрып жатыр екен. Анам жеңгемнің астында илектеніп жатыр. Жеңгемді жұлып алдым да, көргенсіздігіне қайран қалғанымды айттым. Анама қол көтеріп, төбелесуге дейін барғанына әлі күнге дейін таңым бар. Келген соң мән-жайды ағама айтып едім, ол кісі бетбақтырмаған жеңгемнің сөзіне ғана нанды. Анам да ағама «ол мені ұрды» деп шағым айтпады. Шындықты жасырып қалған анам мән-жайды сүйікті немересін қимайтындығымен түсіндірді. Анам сол үшін ағам мен жеңгемнің ажырасқанын қаламайды екен. Осылайша бір шаңырақтың астында берекесіз күн кештік. Мен жоғары оқу орнын бітірген соң, ағам маған «қашан тұрмысқа шығасың» деген сауалды жиі қоятын болды. Бұрынғыдай емес, тым суық. Екі сөзінің бірі «кәрі қыз болмай тұрғанда үйден кеткен дұрыс» дегенге саяды. Менің жақсы қызметке тұрып, анама әжептеуір қолқанат болғаным жеңгемнің қытығына әбден тиді. Уақыт өте келе өзім өскен үйдің асханасына еркін кіріп, тамақ іше алмай қалдым. Менімен ерегіскен жеңгем мен шай-тамақ ішкен ыдысты шағып тастауды әдетке айналдырды. Отбасындағы мұндай келеңсіздікті көре беруден жалыққан анам әпкесінің үйіне, мен құрбымның үйіне кетіп қалдым. Тиынды тиынға құрап жүріп, үлкен ағамның көмегіне де жүгініп, анам екеуміз үй алдық. Қазір ол үйде екеуміз тұрып жатырмыз. Ағам мен жеңгем демалыс күндері балаларды біздің үйге алып келеді. Оларды апта бойы сағынып күтеміз. Бірақ анама қол көтерген күннен бастап жеңгеме деген жүрегім тас болып қатқан. Ағам әлі күнге дейін көрген сайын «Кәрі қыз» деген тіркесін айтудан жалықпады. Өз басым ағамның сол сөзді айтуына, маған деген пікірі мен пейілінің өзгеруіне жеңгемнің тікелей қатысы бар деп білемін. Әйтпесе біз бір шаңырақтың астындағы ағасы қарындасын қызғыштай қорғап, айрандай ұйыған отбасы болғанбыз. «Қашан тұрмысқа шығасың» деген сұрақ менің жанымды айтарлықтай жаралайды. Кім өзінің бақытынан кешіккісі келеді? Мен де бала сүйіп, жар атануды қалаймын. Менің талғамымдағы жігіт кезікпей жатса, кім көрінгенге тұрмысқа шыға салуым керек пе? Осындай санамда сыздықтаған сұрақтардан шаршадым. Жанымды түсінер жан бар ма екен.
Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар