Ақмола облысында 750 келі иттің етін кафелерге таратпақ болған адам ұсталды
Ол бірнеше жылдан бері қаңғыбас иттерді кафелерге сойып сатуды кәсіпке айналдырған
Ақмола облысында полиция қызметкерлері мен елордалық еріктілер тарапынан ит аулап сатуды кәсібіне айналдырған ер адам тұтқындалды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі. Еріктілердің мәліметіне сүйенсек, олар қылмыскермен сатып алушы ретінде танысып, сөйлесу арқылы ұстауға қол жеткізген. Екі тараптың әлеуметтік желідегі диалогінен ер адамның тендер бойынша 18 ауданы бар екенін және аңшыдан бірде-бір ит қашып кете алмайтынын байқауға болады. Оның айтуынша, қала халқының жартысы иттің етін алады. «Ит аулаушының қоржынында еттің көлемі өте үлкен. Ол ешкімнен қорықпайтыны соншалық, бір жарым тоннадан 700 килограмм ет шыққанын және аз мөлшерде сатпайтынын айтты. Етте чип немесе оқ болуы мүмкін, сондықтан мұқият пісіріңіздер дейді. Қаскөй ұсталды, одан қару-жарақ пен 750 келіден астам иттің еті тәркіленді», – деп жазылған хабарламада. Тиісті жауап алынғаннан кейін ит аңшысы босатылды. «Ит пен мысықтардың етін жеуге тыйым салынады және бұл Қылмыстық кодекстің 316-бабы «Жануарларға қатыгездікпен қарау» бойынша қаралады. Мәселеге құқық қорғау органдары назар аударады деп үміттенеміз, өйткені осындай жағдай Алматы облысының Қарасай ауданында байқалды, онда қылмыстық іс қозғалады», – деп жазады еріктілер әлеуметтік желіге. Ал жануарларды қорғаушылар қаңғыбас иттердің ауру, құтырған болуы мүмкіндігін жеткізді.