"Әскерилер сарбаз талып қалғанда ғана көмек берген": Ақтөбеде сарбаз соққыға жығылып басына зақым келіп, жағы сынды
Әскердегі әлімжеттікті жасырмақ болған басшылар медициналық көмек керек болып тұрған сарбазды тезірек әкетуге тырысқан
Ақтөбедегі әскери бөлімде қатарласының жағын сындырған жауынгерге қатысты қылмыстық іс қозғалды. 18 жастағы сарбазды өңірдегі әскери гарнизонның тәртіп сақшылары тергеп жатыр , деп хабарлайды KYN.KZ. Жыл басында Ақтаудағы бөлімнен Ақтөбеге ауыстырылған жәбірленуші мен айыпталуышы артиллерия және ракета бөлімінде отан алдындағы борышын өтеп жатыр. Айыпталушы сарбаз кезекшілігін атқарып жүрген жауынгерді әуелі түйіп өтіп, артынша бір бөлмеге кіргізіп аяусыз ұрып-соққан. Соққының астында қалған жауынгерге әскери бөлім басшылары уақытылы көмек бермей, есінен танғанда ғана облыстық ауруханаға апарған. Тіпті дәрігерлер тәртіп сақшыларын шақырғанда әскери бөлім басшыларының бірі басынан жарақат алып жағы сынып, әлсіреп жатқан сарбазды кері алып кетпек болған. Бүгінгі таңда аталған әлімжеттік ісін жасыруға тырысқандарды тергеп жатыр. Бөлім командирлеріне қандай шара қолданылатыны әзірге белгісіз. «Осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Әскери полиция тергеп жатыр. Жарақат алған жауынгер Алматы қаласындағы госпитальде емделіп жатыр. Оның сол жағы сынып, дәрігелер операция жасаған. Қазір жағдайы тұрақты. Оның әскери борышын өтеп, үйіне қайтуына әлі сегіз ай бар», - дейді 30238 әскери бөлімі командирінің орынбасары Ринат Шәріпов.