Заңгер іске кірісті: Науқасты 8 минутта жүргізген хит емшіге "алдандық" дегендер саны көбейді (видео)
Қазақстан халқы алғашында "келіншекті 8 минутта жүргізіп жіберген" емшінің әрекетіне таңырқап қараған еді. Дертіне шипа іздегендер Қазақстанның барлық өңірінен ағылып, емшінің еміне кезекке тұра бастады. Көп ұзамай "жүріп кеттім" деген 4 баланың анасы Бақыт Рашидқызы жүргені уақытша болғанын хабарлады. Сонда да Бақытқа күнде хабарласып, жүріп кеткеніне көз жеткізгісі келетіндер саны көп екен. "Мен сол жағдай қалай осылай айналып кеткенін түсінбей қалдым. Сюжетте айтылғандай бір жыл боы мен аяққа тұра алмай жатқан адам емеспін. Мен қисайып тұрып, ақырын қадам жасап жүргенмін өзім де. Абай аға мені емдегеннен кейін аяққа тұрғанымда неге жыладым? Өйткені сол сәтте мен ешқандай ауырсынуды сезбедім. Соған қуанғаннан жыладым. Үйде тұрсам өте қатты ауыратын. Ана жерде ауырмағанын көріп, расымен емделіп жатыр екенмін деп қуанғаннан жыладым",-дейді келіншек. Бақыт сол сәтте видеоға түсіруге өзі рұқсат берген. Бүгінде сол видео емшінің бизнес аккаунтында реклама ретінде жарты айдан астам уақыт тұрғанына қарсы. Ем қонбағаннан кейін өзгелер алданбаса екен деген талабы бар. "Мен науқас адамдардың психологиясын білемін. Өзім сияқты бар ақшасын салып, қарыздануы мүмкін. Солардың соңғы ақшасын жұмсауына менің видеом себепші болмаса екен деймін. Сондықтан бар талабым емші видеомды өшірсін!. Көмекшілеріне жазып жатырмын, сол кезде сөйлесіп жүрген барлық адамға жаздым осы мәселе бойынша. Мені бәрі блокка қойған. Жауап бермейді. Инстаграмдарынан блоктады. Айтатындары "біздікі заңды" дейді. Біз сияқты науқастарды алдап соғып, тіпті заңгерге баруға шамамыз жоғын біліп, әдейі осылай менсінбей отыр деп ойлаймын",-дейді әйел. Бақыттың мәселесінен кейін KYN.KZ сайтына тағы бес адам хабарласты. Барлығының айтатыны емшінің сылап- сипағанынан ем қонбаған. Видеолары желіде жарқырап тұр, төлеген ақшаларын қайтара алмаған. Ендігі қалаулары видеоларын желіден өшіртіп, ақшаларын қайтару. Видео: