Мүгедектігі бар және асыраушысынан айырылған қазақстандықтарға жәрдемақы төленді
Бүгінгі таңда еңбекке қабілеттілігінен айрылу бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері – 33 146 теңге
Қазақстандықтарға мүгедектігі және асыраушысынан айырылуы бойынша жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер түрінде шамамен 45 млрд теңге төленді, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап. Жыл басынан бері мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге республикалық бюджеттен 40 млрд теңге жұмсалды. Бұған қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 5 млрд теңге сомасына әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылды. 2023 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша МӘЖ алушылар саны шамамен 531,3 мың адам, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша шамамен 190,8 мың адам болды. Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады. Асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне және ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты белгіленеді. Сонымен қатар, мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 8,5%-ға өсті. Мысалы, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап, жалпы аурудан мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері – І топ үшін 77 889 теңге, ІІ топ үшін 62 068 теңге, ІІІ топ үшін 42 190 теңге. Бұдан басқа, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылады. Мәселен, биылғы қаңтарда 83,3 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем, ал 56 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алды. Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін ұқсас жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда еңбекке қабілеттілігінен айрылу бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері – 33 146 теңге, асыраушысынан айрылу бойынша – 34 349 теңге.