Адвокат: Әскерден келген бірнеше жігіт маған зорланғанын айтып көмек сұрады
Айман Омаровадан көмек сұраған сарбаздар әскерде ақша тауып бере алмағаны үшін таяқталып, қорланғандарын айтқан
Адвокат айман Омарова Қазақстан әскерінде сарбаздардың борышын өтеу кезінде ақша сұратып, таяқталып, қорланып, тіпті зорланған жағдайлары жиі кездесетінін ашық айтты. Сөзінше алдымен жас жігіттер айтуға ұялады, айтуға шешім қабылдаған кезде дәлелдеу қиынға соғады. "Мен осындай күрделі істердің талайын көрдім, сотта жәбірленушілерді ауыр істе қорғап та жүрмін. Жас жігіттер жиі хабарласады. Айтатындары әскерде ақша жинау бар. Ақша бермесең "мы тебя "опустим" деп ескертеді екен. Сол үшін ұрады, соғады, насиловать етеді. "Зачморить" етеміз деген ескертулер алады. Көріп тұрсыз ба қандай терминдер бар. Олардың айтатыны "Не анамызға айта алмаймыз, не әйелімізге айта алмаймыз" дейді. Олардың есімдерін айта алмайтынымды түсініп тұрсыз ғой? Мен айтамын, жағдай болған кезде сараптамадан өту керек еді деп. Әйтпеген жағдайда биоматериалдар жоқ, дәлелдеу қиын. Сондықтан Бекбол Мираштың өліміне қатысты адвокат шығарған айғаққа шошына қарап, оны мүлде жоққа шығаруға болмайды",-деп дабыл қақты адвокат Айман Омарова. Айман Омарова бұл жөнінде Астарлы ақиқат бағдарламасына келген сәтінде айтты. Ол жерде он сегіз жастағы сарбаз Бекбол Мираштың қазасынан кейінгі тергеу, сот амалдары бойынша мәселелер көтерілді. Адвокат Пірәлиев медициналық сараптама қорытындысын іске қостырып, қайғылы жағдай күні шекара бекетінде болған 74 адамның ДНК сараптамадан өтуін талап еткен еді. Алғашында тергеуші мұның керек емес кенін айтып, адвокаттың өтінішін қанағаттандырусыз қалдырған еді. Соңғы ақпарат бойынша Пірәлиев талабын орындатты.