Басты жаңалықтар

Қазақтың ұлттық ойындарын дәріптеп жүрген 22 жастағы ару Louis Vuitton компаниясымен серіктес болмақ

Қазақтың ұлттық ойындарын дәріптеп, дамытып жүрген 22 жастағы қазақстандық ару әйгілі Louis Vuitton компаниясымен бірлесіп жұмыс істеуге шақырту алды, деп хабарлайды KYN.KZ. Қазақтың ұлттық рухани құндылықтарын дәріптеу, ұмыт болып бара жатқан мұраларды қайта жаңғырту – бүгіннің басты талабы. Сондай-ақ ол талапты орындау жастар арасында кеңінен етек жайып, кіші буынға ұнап, төл құндылығымыздың одан әрі жанданып жатқаны мәлім. Осы орайда баланың ойы ұшқыр, қиялы жүйрік болуына айтарлықтай ықпал ететін рухани мұра – ұлттық ойындар да ұлттығымыздың тұғырын берік етуде зор маңызға ие. Бүгінде қазақтың ұлттық ойындарын жастар арасында дәріптеп, насихаттаушы Айнұр Полатова өзінің «Талапай» жобасы арқылы жоғарыда айтылған баланың тұлға болып қалыптасуында маңызды рөлге ие міндеттерді орындап жүр. Тіпті аталған жобасымен әлем жұртшылығының назарына ілігіп, Louis Vuitton компаниясынан бірлесіп жұмыс істеуге шақырту да алды. «Талапай» ұлттық ойындар бренді ұмыт қалған қазақ ойындарын заманауи форматта қайта жаңғыртады. «Жалпы жобаның тууы қызық болды. Бір күні түрлі түсті тастарды көріп қалдым. Соларға қарап отырып неге «тоғыз құмалақ» ойынын жаңаша етіп бермеске дедім. Қазақта асықтан басқа да ойындар көп. Осылайша басқа ойындарды да қарап, олардың да жаңа форматтарын іздей отырып жоба дүниеге келді. Осы уақытқа дейін шетелдің түрлі ойындарын ойнап келдік. Енді өз мәдениетімізді әлемге насихаттайтын кез келді», - дейді Айнұр.