Шымкентте жезөкшеліктен бас тартқан 17 жастағы бойжеткенді балконнан итеріп жіберген
6-қабаттан құлаған қыз аяғы сынып, ми жарақатын алғандықтан сөйлеуден қалған
Түркістан облысында кәмелетке толмаған қыз жезөкшелікке тап болды. Осылай деп шырылдаған 17 жастағы бойжеткеннің туыстары оны интимдік қызмет көрсетуге үгіттегендердің жазаланғанын қалайды. Айтуларынша, қыздарын әлдекімдер жезөкшелік жолға салмақ болған. Ал, оған көнбеген соң қонақ үйдің алтыншы қабатындағы балконынан итеріп жіберген дейді. Қазір биіктен құлаған қыздың жағдайы ауыр. Бірақ, қылмыстық іс "өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабы бойынша қозғалыпты. Бұған келіспеген отбасы полиция істі өз қолымен жапқалы отыр деген ойда. Бет әлпетін көрсетуден бас тартқан бұл әйел хәл үстінде жатқан бойжеткеннің туған жеңгесі. Айтуынша, қайын сіңлісі 23 ақпанда құрбысының шақыруымен Алматыдан Түркістанға келген. Сөйтіп құрбысы оған интимдік қызмет көрсетіп, сағатына 70 мың теңге табуды ұсыныпты, деп жазды KYN.KZ тілшісі 31 арна жаңалықтарына сілтеме жасай отырып. Кәмелет жасына толмаған қыз о баста келіскенімен, бейтаныс азаматпен қонақ үйге барғанда ойынан айнып қалған дейді жақыны. Ақыры бойжеткен қызмет көрсетуден бас тартқан соң екеудің арасында жанжал туындайды. Болған жағдайға қатты ашуланған еркек қызды сол бөлмеге қамап, шығып кеткен. Ал арада бір сағат өткен соң келген үш әйел алдымен қызды балконға шығарып, артынша жоғарғы қабаттан итеріп жіберген деп отыр. "Қанша уақыт өткенін білмеймін, үш әйел кіріп келеді. Прямой нөміріне кіріп келеді де наглым образом ана қызды ұра бастайды. Жап-жас өрімдей қызды ұрып, шашын жұлып-жұлып тастаған.Сосын балконға қамап қояды. Алады да балконды ашады да, телефонды жұлып алады да ана қызды итеріп жібереді ана үш әйел",– дейді Шымкент қаласының тұрғыны. Келіншектің айтуынша, қыздың құлағанын көрген қонақ үй қызметкерлері бірден жедел жәрдем мен полиция шақыртқан. Тәртіп сақшылары камералар арқылы нөмірге кірген үш әйелді анықтаған. Алайда, олардың ешқайсынан жауап алмады деп отыр. "Жас қыздарды осылай үгіттеп, зорлық-зомбылыққа апарып, ақша істейді арқасынан видимо. Бұлар ойлады бұл подружкасы бұны жетім деп ойлады. Аға ешкімі жоқ деп осыған итеріп отыр ғой",– дейді Шымкент қаласының тұрғыны. Айта кетсек, 17 жастағы қыздың ата-анасы осыдан 10 жыл бұрын қайтыс болған. Әпкесінің тәрбиесінде қалған бойжеткен қазір ауруханада жатыр. Алтыншы қабаттан құлаған қыздың аяғы қатты зақымданған. Бойжеткен қазір не тамақ іше алмай, не сөйлей алмай жатыр. Осыған қарамастан Түркістан дәрігерлері ажал аузында жатқан қызды 5 күннен кейін үйге шығармақ дейді жеңгесі. Ал, полиция істің "өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабы бойынша қозғалғанын мәлімдеді. "Аталған жайт ҚР қылмыстық кодексінің 105 бабы, 3 бөлігі өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бойынша тіркелді. Жас қыз Алматы қаласының тұрғыны болып шықты. Ол ауруханаға жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілді. Тергеу барысында оқиға қатысушыларынан, қонақ үй қызметкерлерінен жауап алынды. Сондай-ақ, қонақ үйдегі бейнебақылау камералары тексерілді. Заттай дәлелдемелер алынды",– дейді Түркістан облыстқы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнар Абдужаппарова. Дегенмен, бойжеткеннің туыстары алдын ала сөз байласып, кәмелетке толмаған қызды жезөкшелікпен айналысуға үгіттегендерді қатаң жазаласа дейді. Өйткені мұндай былықтың артында үлкен қылмыстық топ тұрған болуы мүмкін деп топшылап отыр.