Айгүл Иманбаева сүйіктісі барын, оның қандай адам екенін айтты
Баян Алагөзова Иманбаеваның жұрттан жасырған сүйіктісі барын түсінде көріп, біліп қойды
Танымал әнші, актриса Айгүл Иманбаева Динара Сәтжанға сұхбат беріп, басынан өткен қызықты жағдайлармен бөлісті , деп жазды KYN.KZ ақпарат агенттігі. "Мен Испанияда жүргенде Баян Алагөзовадан хабарлама келді. “Айгүл, сен тұрмысқа шығайын деп жатқан жоқсың ба? Мен түс көрдім. Мен жайдан-жай түс көрмеймін” деп жазып жіберіпті. Аузыңа май дедім”,- дейді Айгүл Иманбаева. Алагөзованың түсі шындыққа айналса керек, актриса өзінің ғашығының бар екенін сұхбат барысында абайсызда айтып қойды. Сонымен қатар әнші болашақ күйеуінің бойынан рухани байлығын ерекше бағалайтынын айтты. “Есі дұрыс, қолынан іс келетін адам 40-35 жасқа дейін материалдық жағдайын жасау керек. Қырық жастан кейін сіз руханият әлеміне өтесіз. Ал осы жасқа дейін материалдық жағдайын жасай алмай, руханиятқа өте алмасаңыз, онда өмір сүрудің қажеті жоқ. Қазақ мұндайда: “Қартайғанның бәрі ақсақал емес” деп айтады”, – деп ағынан жарылды. Сұхбат барысында әнші әкесімен арасындағы түсініспеушіліктер туралы да айтып өтті. “Жүрегімдегі ең үлкен тас – әкеме деген тас. Әкем мен шешем ажырасып кетті. Бұл тақырыпты қозғай беретін себебім, қазіргі қоғамда екінің бірінің басындағы мәселе осы. Керек адам осыдан сабақ алсын деймін. Ініммен бір жағдай болып қалып, қырық жыл араласпаған әкемнің ауылына бардым. Менің тентек мінезім бар және оны жасырған емеспін. Тентек мінезім болғанымен, мен ақылсыз адам емеспін. Бірақ сол кезде екінші әйелімен, қызымен тұрып жатқан әкемнің ауылына бардым. Сонда қатты ұрысып, ауыр сөздер айттым. “Өлсең, топырақ салуға келмеймін” деген сөзді айттым. Одан өткен ауыр сөз жоқ шығар. Арада көп жыл уақыт өтті. Айтқан сөздерім өзіме тыныштық бермейді. Психологпен жұмыс жасаған сайын әкемді жек көрмейтінімді, оны аңсайтынымды, өмір бойы әкемнің жанымда болмағаны, оны жақсы көретінімді жүрегіммен түсінемін”, – деді актиса. Иманбаеваның қазір әкесімен қарым-қатынасы жақсы. Жақында болатын концертінде алдыңғы қатарлардың бірінде отыратынын да атап өтті.