Басты жаңалықтар

Түркістанда Ауғанстаннан 5 баласымен көшіп келген қазақ отбасы құлағалы тұрған үйді жалдап тұрып жатыр (видео)

Бес баланың ата - анасы әріп танымайды не санауды білмейді

Түркістанға Ауғанстаннан көшіп келген 37  жастағы Малика есімді бес баланың анасы KYN.KZ сайтына хабарласып өз жағдайын айтты. Он жыл бұрын Қазақстанға оралған келіншек өзгенің құлағалы тұрған үйін жалдап паналап отыр екен. Үй кезегіне тұрғанымен ол еш жылжымапты. "Менің бес балам бар. Құдайға шүкір, балаларым әріп таниды, оқиды. Қайын атамның ағайындары осы Қазақстанда еді. Солар бастап, Ауғанстанда жағдай қиындай бастаған кезде бізді көшіріп  әкеп, елге қосты. Өзімнің ата- анам, төрт бауырым Ауғанстанда қалды. Олар тіпті қазақ тілін ұмытып қалған. Бауырларым қазақпен емес, ауғандарға тұрмысқа шығып, сол елдің қыздарымен отау құрды. Телефонмен сөйлесіп тұрамын. Қазір жағдайлары өте қиын. Қайтемін көшіріп алып келе алмаймын. Жұмыс табу қиын. Олардың жұмысы пакет сатады, кірпіш құяды, арба сүйрейді сондай қара жұмыстар істейді. Бір күні нанға ақша тапса, бір күні ештеңе жоқ оларда. Бауырларым Тәліптер басқарғалы зорлық-зомбылық көбейгенін айтады. Енді оны көзіммен көрмегеннен кейін ештеңе айта алмаймын. Мен Ауғанстанда тұрғанда басқа тау бөктерінде сол Тәліптермен соғыс жүріп жатты. Нақты біз тұратын аймақта соғыс, атыс болған жоқ",- дейді әйел. Малика Қазақстанға көшіп келісімен ешкімнен ешқандай ақшалай көмек алмаған. Өйткені бұл отбасыны ағайын- туыс атсалысып жүріп елге алдырыпты. Малика да оның күйеуі Сайдханан да оқымаған. Қаза тілінің әріптерін де санын да танымайды. Бар өтініштері, үй кезегі ертерек келсе дейді. "Біз үйдің кезегіне тұрғанбыз, келген жылы. Өзіміз сауатсыз болғандықтан түсінебермейміз. Сұрасақ кезектерің келмеді дейді. Мынау құлағалы тұрған үйге айына 50 мың теңге береміз. Күйеуім күнделікті жалданып қара жұмыс істейді. Оның барлығы осы үйдің ақысы, балалардың киімі мен тамағынан артылмайды",-  дейді әйел. KYN.KZтілшісінен үй кезегі мен оның қашан берілетінін анықтап беруді сұраған отбасының қазіргі тұрмыс жағдайы өте жұпыны. Видеодан  көпбалалы отбасының қазіргі жағдайын анық көруге болады.