Басты жаңалықтар
Талдықорғанда балалар ауруханасының есепшісі 109 млн теңгені ойынға ұтқызып алған
- автор kyn.kz
- 13 наурыз, 2023
- 273
Есебіне адал болмаған есепші енді 12 жылға сотталуы мүмкін
Талдықорғандағы балалар ауруханасының есепшісі құмар ойын ойнап, 109 миллион бюджет теңгесін жоғалтты, деп хабарлады KYN.KZ тілшісі. «Балалар ауруханасының» есепшісі Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен «сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе жымқыру» фактісі бойынша сотталды.
Сотта анықталғандай, 2021 жылдың 1 наурызынан бастап есепші болып жұмыс істейтін А. ұрланған 109 миллион теңгеден астам ақшаны құмар ойындарға жұмсап жіберген.
«Жауапты жеңілдететін мән-жайлар – шын жүректен өкіну, сотталушыда кәмелетке толмаған баланың болуы, жас болуы, сондай-ақ сотталушыларға келтірілген залал ішінара өтелгенін және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескере отырып, сот А-ны бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға, мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында тиісті лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, жазасын орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге кесті» деп Талдықорған қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Сот Қылмыстық кодекстің 55-бабының 4-бөлігін «Осы қылмыстық құқық бұзушылық бойынша көзделгеннен жеңілірек жаза тағайындау» қолданылып, ең төменгі шектен төмен жаза тағайындағаны атап өтті. Негізі баптың санкциясы жеті жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.