БҚО-да бүтін бір ауыл суға кетті
Қызыл су басқан ауылдарға Маңғыстау облысы мен Атыраудан құтқарушылар мен техника жөнелтілді
БҚО ТЖД хабарлағандай, Бөрлі ауданындағы Ақбұлақ ауылы суға кетті. Қазір 2 көшедегі 11 үйді су басқан, 44 адам эвакуацияланған. Сонымен қатар облыстың Сырым ауданында 2 үйге су кіріп, 6 адам (2 отбасы, 5 ересек адам (инсульттан кейін бір мүгедек), 1 бала эвакуацияланды. Олар тума- туыстарына орналастырылған. 12 ірі қара, 30 ұсақ мал көрші аулаларға таратылды. Бұл аздай көрші үйлерді де су басу қаупі бар. Қаратөбе ауданының Қоржын ауылынан да 16 адам, оның ішінде 6 бала және 2 жүкті әйел тікұшақпен тасымалданды. ҚР Төтенше жағдай министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, құтқарушы күштер мен құралдар министрдің өкіміне сәйкес авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстар жүргізуге жедел ден қою мақсатында жіберілді. "Жіберілген құтқарушы күштер мен құралдардың жалпы саны жеке құрамнан 100-ден астам адам мен 30-дан астам техниканы құрайды. Құтқару бөлімшелері бүгін Батыс Қазақстан облысына жеткен соң, авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарын жүргізуге кірісетін болады". ҚР ТЖМ баспасөз қызметі