Ақтөбе облысына қарасты Қобда ауылында қызыл су басқан үйлер құлап жатыр
Қазір халық қауіпсіз жерге көшіріліп, шығын көлемі есептеліп жатыр
Ақтөбе облысының Қобда ауылы да су астында қалды. Аудан орталығындағы 60-қа жуық үйді қызыл су басқан. Тасқыннан мектеп пен спорт орталығына, аудандық прокуратура ғимаратына да су кірген, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап. Қырдан аққан қызыл су санаулы минутта айналаны малмандай су қылды дейді тұрғындар. Сондықтан ауыл халқы тек құжаттарын алып үйінен шығып үлгеріпті. Қобда ауылының тұрғындары түні бойы көз ілмеген. Іңір түскен кезде күтпеген жерден көшелерге су жиналып, санаулы минутта үйлерді басып қалыпты. Қас-қағым сәтте аулаларда су белге дейін жеткен. Тұрғындар тек құжаттарын алып, үйінен шығып үлгерген. Құтқарушылар түнімен суға кеткен көшелерден мал-жанды құтқарған. "Кешкі алтыларда тез келді. Ештеңе істей алмай қалды. Есімізді жия алмай қалдық. Он шақты күн тұрса, мына үйлер құлайды. Саман ғой. Көрші үйлер құлап жатыр. Менің сарайым, моншам құлады",- дейді Қобда ауылының тұрғыны Жаңабай Алдарбеков. Қызыл судың кесірінен аудан орталығында екі бірдей көше елуге жуық аула он бес үй бүлінді. Саман кесектен салынған үйлер ылғалға шыдас бермей жатыр. Бүгінде бір екі үйдің төбесі ортасына түскен. Жүздеген адам қауіпсіз жерге көшірілді. Оның отыздан астамы жылыту бекетіне орналастырылған. Ал қызыл судың бағытын бұру үшін халықаралық Самара–Шымкент тас жолының бойынан жыра қазуға тура келді. "Кеше Самара - Шымкент тас жолының үстімен су ағатын болса, қазір су үш метрден асып кетіпті. Тереңдігі 10 см төмендеді. Таңертең бақылау барысында жоғарғы жақтан келген су тоқтаған. Алты мың адам, 1500 үйді аман алып қалдық",- дейді Ақтөбе облысы ТЖД бастығы Марғұлан Аманбаев. Бұл өңірде тоң әлі жіби қойған жоқ. Қауіптің бұл басы ғана деп отыр мамандар. Қобда өзені арнасынан асса, жағдай одан сайын қиындайды дейді шенеуніктер. "Қобда өзені де көтерілуі мүмкін. Әлі де қауіп бар. Төтенше жағдайлар барлық күші қазір екі бастан",- деді Қобда ауданының әкімі Болат Құлов. Мұндай су тасқыны соңғы 15 жылда Қобда ауданында болмаған. Жазда кеуіп қалатын өзендерден көктемде сел жүреді деп ойламадық дейді мамандар. Қазір тасқыннан зардап шеккендерге қатысты арнайы комиссия құрылды. Олар шығын көлемін есептеп жатыр.