Басты жаңалықтар

Алматыдағы №86 мектеп директорының орынбасары: Қазіргі директорымыз белгісіз адамдарды жұмысқа тіркеп, айлығын өзі алады

Директор орынбасары: Біздің мектепті ұйымдасқан қылмыстық топ басқаруда!

Алматы қаласы, Әуезов ауданына қарасты  Ғабит Мүсірепов атындағы  №86 мектеп- гимназиясының шаруашылық бойынша директор орынбасары Жазира Қошманова қазір директор міндетін атқарып отырған Ишамбаева Шаухан  Тілеулесқызын мектепті "жеке кәсібіне айналдырды" деп хабарласты KYN.KZ  редакциясына. Мектептегі шаруашылық бойынша директор орынбасары бір жылдан бері  басшылықтың қудалауына түскенін айтады. Одан бөлек, бүкіл ұжым директордың нұсқауымен өзіне қарсы шығып, түрлі құйтырқылыққа барады деп отыр. "Тура қазір менде алты еден жуатын кісі бар. Оның үшеуі түске дейін, үшеуі түсткен кейін тазалайды. Заң бойынша, құжат бойынша он бес адам. Сол он бес адам айлықты алып жатыр, бірақ жұмысты мына алты адам істеп жатыр. Олар өз жұмысын білетін адамдар. "Айлық алғандар келіп жусын. Мен жумаймын" деп маған ренжейді. Олардың талабы дұрыс. Бірақ басшылық маған құлақ асып, мәселемді шешпейді.  Сол былықты жауып, жұмыста тыныш жүруім үшін екі жақтың да тілін табуым керек. Маған қиын. Мен басшыма өз талабымды қойдым. Содан ұнамай қалдым. Енді осы мәселелер ушығып кеткен тұста мені қудалау басталды. Содан жүрегім ауырып, уақытша демалысқа кеттім. Сол кезде 23 құзырлы органға хат жаздым. "Мемлекет ақшасы ұрланып жатыр" деп хабарладым. Бірақ, бір ай болды еш өзгеріс жоқ",- дейді мектеп директорының орынбасары. Жазира Қошманованың сөзінше бұл мектептегі  қаржылай, моральдық, психологиялық былықтың барлығын директор міндетін атқарушы және бас есепші жасап отыр екен. Ол өз сөзіне дәлел ретінде видео сұхбатта құжаттар, WhatsApp жазбалар көрсетті. Онда директорға өзі ақша апарып берген. "Есепші сол мен танымайтын, көрмеген адамдарға айлықтарын аударады. Олар сол ақшаны менің картама салады. Сол ақшаларды шығарып қолма-қол алып бару менің міндетім. Міне қараңыз, жаңа адамдардың құжатын жіберіп отыр. Өзінің студент қызын бізге еден жуушы деп тіркетті. Бірақ ол стоматология бойынша білім алып жүрген қыз бізге келіп бір рет те еден жумаған. Сол сияқты мына тізімдегі тоғыз адам соңғы 1,5 жыл айлық алып отырды. Осы ақшалар мемлекет қорына қайтарылсын. Талабым сол. Әділдік орнасын",-дейді Жазира  Қошманова. Осы ақрапаттан кейін KYN.KZ  тілшісі дәл осы мектептегі директор міндетін атқарып отырған Ишамбаева Шаухан  Тілеулесқызымен жолығып, мән-жайды түсіндіруін сұрады. Ол жағдайдың барлығын тыңдап, өз нұсқасын айтты. Бірақ қазірге ресми түрде ешқандай жауап бере алмайтынын ескертті. Жүзбе- жүз кездесуден фото және видео түсірілім жасауымызға қарсылық танытты. "Бұл кісі бірталай жерге арыз түсіріпті. Барлығы қаралып жатыр. Құзырлы орган тексерсін, нәтижесін көрсетеміз, жариялаймыз. Қазірге  менің атыма айтылғанның барлығы жала екенін айта аламын",-деп қысқа қайырды. Бұл мәселе бойынша  Алматы қаласы Білім басқармасы қандай шара қолданылып нендей жұмыстар жүргізіліп жатханын хабарлады.

Мектеп директорының шаруашылық бойынша орынбасары берген сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз. Бұл жерде мәселе ұзақ баяндалған. Мектептегі түсініспеушілік неден басталып, қалай өрбігені толық баяндалды.