Басты жаңалықтар
Бибігүл Төлегенова өзінен бір мүшел жас үлкен күйеуінен көрген қиындықтарды айтып берді
- автор kyn.kz
- 16 наурыз, 2023
- 885
Бибігүл Төлегенова: Анамның теріс батасы, тағдырыма әсер етті деп әр қиналғанда ойлаймын
Қазақ өнерінің бұлбұлы атанған Бибігүл Төлегенова өзінен бір мүшел жасқа үлкен жарымен арасындағы қарым-қатынасы туралы "Қазақ үні" басылымына берген сұхбатында айтып берді деп, жазды KYN.KZ тілшісі.
Әншінің айтуынша, ол Алматыға байқауға келген. Осы сапарында өзгелер Төлегеноваға оқуға түсуге кеңес беріп, ол жеті кластық білімімен консерваторияның дайындық курсына қабылданады.
"Үйге келіп, шешеме оқуға кететінімді айттым. Біртүрлі ширығып алғанмын. Шешем "Ол бұзылатындардың оқитын оқуы. Осыдан кетсең, теріс батамды беремін" деді. Мен сол жерде жалтақтамай кетіп қалдым. Шешем хабарласпай қойды. Іле-шала өзімнен бір мүшел жасқа үлкен адамға тұрмысқа шығып кеттім. Мұны естіген шешем "Айтып едім ғой, ол бұзылуға кетті" деп, менен бетін мүлде теріс бұрып алды.
Тіршілігіміз қалт-құлт. Тұрған үйіміздің пешіне жаққан отымыз далаға кетеді. Бір танысымыз сексеуіл береді. Оны буып иығыма салып, трамвайға мініп үйге әкелемін. Екі сағат жүріп, көтеріп әкелген отыным жарты сағаттық жылу бермейді. Күйеуіммен арамыз да тоң-теріс. Бірде тоқ пешінің үстіне су қайнатып қойып, еден жууға кіріскенмін. Сол кездегі едендер баттасып тұра ма, пышақпен кырғыштап жатқанмын. Бір уақытта күйеуім ортада тұрған столды маған итеріп қалғаны, бір шелек қайнаған су үстіме төгілді. Иығым білегіммен қоса жидіп түсті.
Алты ай ауруханада жаттым. Күйеуім кешірім сұрап, "ешкімге айтпа" деп кетеді. Кішкентай әтірдің құтысына коньяк құйып әкеледі де, "осыны ішсең, тез жазыласың" дейді. Баламын ғой, айтқанын істеймін. Сөйтіп жүргенімде, қызым дүниеге келді", - деді Бибігүл Төлегенова.
Осылай жүріп әнші дайындық курсын бітіріп, 1-ші курсқа қабылданады. Алайда оқуға барған әншінің дауысы шықпай қалған.
"Мұғалімім "Сен енді әнші болмайсың. Басқа институтқа оқысаң да болады" деп қарап тұр. Тұрмыс қажытып, шешем кейіп жүргенде, мынау оңай соққы болмады. Ашынып кеттім. Ара-арасында теріс батаның кесірі осы шығар деп те ойлап қоямын", - деп ойын аяқтады әнші.
Бибігүл Төлегенова тек Қазақстан емес әлем халқына дауысы жеткен, өз заманының сыйлы құрметті әншісі болғанымен әйел ретіне жолы ауыр болғанын өзі жиі айтады. Себебі әнші бірнеше тұрмыста болса да өзі үнемі әлеуметтік, отбасылық мәселеден еш құтылмағанын айтады.
Келесі мақала