Елена Рыбакина Индиан-Уэллс мастерс турнирінің чемпионы атанды
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Индиан-Уэллс WTA 1000 турнирінің чемпионы атанды. Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 2-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен кездесті. Бір сағат 20 минутқа созылып, тартысты өрбіген бірінші партияда Е.Рыбакина тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 7:6 (13:11). Ол екінші сетте де есесін жібермеді – 6:4. Екі сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында Елена 7 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. А.Соболенко 4 эйс, 2 брейкпен (6 брейк-пойнт) шектелді. Осылайша, алғаш рет WTA 1000 жарысының жеңімпазы атанған Е.Рыбакина А.Соболенкодан Аустралия ашық чемпионатының финалында кеткен есені қайтарды. Сондай-ақ Елена Рыбакина өз спорттық жолында алғаш рет әлемдік рейтингіде жетінші орынға көтеріледі.