Күн санап денсаулығы нашарлаған 4 баланың анасы Бақыт Рашидқызы көпшіліктен көмек сұрады (видео)
Бақыт: Қазір еңбектеп жүремін, отыра алмаймын. Балаларымның көзін жәутеңдетпей ота жасатып, тезірек аяққа тұрғым келеді
Бұған дейін "елден көмек сұрауға арланамын" деген Бақыт Рашидқызы денсаулығы күн санап нашарлай бастағанын айтып, мейірімді жандардан қаржылай қолдау сұрауға бел буды. KYN.KZ тілшісіне бар жағдайын баяндаған әйелдің жалғыз үміті көпшілікте. "Көпшілік керек қаржыны жинап берсе ота жасатамын, төрт баламның бақытты болуына еңбек етемін" деп отыр. "Мен телеарнаға шыққанда ешкімнен ақша сұрауға барған емеспін. Талай "адам отаға жинайық" дегенде таныстар, туыстардан ұялып бас тарттым. Бар мақсатым емшіге барсам, жазылып кетемін. Тамақ пісіріп сатып, материалдық жағдайымды өзім көтеремін деген ой болды. Енді міне төрт балама тиесілі жалғыз баспанамызды сатып, ақшасын емге құртып, пәтер жалдап отырмыз. Күйеуімнің айлығы сол пәтерақы мен тамаққа кетеді. Одан қалса менің күтіміме бір адам керек болғандықтан күйеуімді кейде жұмыстан алып қаламын. Қатты қиналып кеттік. Маған үй, материалдық жағдайға ақша керек емес. Отамды жасатуға көмектессеңіздер, аяққа тұрып кететін едік. Ең құрығанда ота жасатып, балаларыма қарайтын едім. Үйімді жинап, тамақтарын жасап. Қазір сол жұмысқа да жарамай, өзіме қарайтын адам керек болып кетті. Мен ең құрығанда күйеуіме жұмыс істеп бізді бағуына мұрша беретіндей деңгейге жетсем екен деймін. Мейірімді жандардан ұялсам да, балаларым үшін осындай шешім қабылдадым",- дейді Бақыт рашидқызы. Бақыт Рашидқызы осы жолы ем алу мақсатында Семейдегі анасының атына 700 мың теңге несие алып келген. "Мен анамды несие алуға көндірдім. Өйткені ол кісі біздің несиемізді төлеп жүр. Айына жүз мыңнан астам банк алдындағы біздің қарызымызды төлейді. Ұяламын, енді амалсыз сұрап отырмын. Өмір сүргім келеді, балаларыма салмақ болмай оларға сау ана болғым келеді. Алматыда тағы ем алып көрейін деп жылап отырып тағы несие алдырдым. Алматыда осы құрбымның шаңырағында отырмыз. Пәтер жалдап, қонақ үйге шашылуға да шама болмай, үнемдеген түріміз. Жатып ауырып, түкке жарамай отырғаным үшін күйеуімнен де ұяламын. Бірақ басқа амалым жоқ",-дейді Бақыт Рашидқызы. Бақыттың қатты ауырып қалғанын анасы телеарнадағы сюжеттен көріп, үстінен су құйғандай қайран қалған. "Мен бұлай қатты ауырып жатыр деп ойламадым. "Жай сол грижа" деп жүрді телефонда. Таныстарым "Бақытқа не болды? Телевизордан көрдік" дегенде шок болдым. Оған дейін көмектесіп ақша салып тұрдым. Үйлерін сатып, пәтер жағалап, аяққа тұра алмай қалғанын солай бірден білдім. Оған дейін мені қан қысымы көтеріліп, уайымдап кетеді деп жасырған ғой. Енді Мейірімді жандардан көмек берулерін сұраймын. Бірдеңе болып кетсе немерелерім не болады деп уайымдаймын. Енді жұмыстан сұранып, қастарында боламын деп отырмын. Басқа не көмек бере алатынымды да білмей отырмын",-дейді Бақыттың анасы Ғалия Оразайқызы. Бақыттың күйеуі Абу Сапаров болса балаларымның анасының амандығынан басқа ештеңе керек емес деп отыр. "Балаларым мен олардың анасын Алла маған аманатқа берген. Сондықтан еш қажымай барынша қолдау беруге тырысамын. Сол отаға кететін ақша жиналса болды. Үй, тамақ басқасына өзім табатын едім. Халықтан көмек сұраймыз",- дейді Абу Сапаров. Бақыт бүгінде шай ішіп тамақтануға әрең басын көтереді. Өйткені отыра алмай қалған. Тек жанбастап отырып тамақ ішеді. Ұйдегі қимыл-қозғалысы тек еңбектеп жүреді. Әжетханаға да отыра алмайтын деңгейге жеткен. Сөзінше осыдан 1-2 ай бұрын әжетханаға өзі отырып жүрген. Денесі тұтас қисайып кеткендіктен қазір тек бір жамбастап жатады. КҮН.КЗ сайты өз кезегінде көмекке мұқтаж отбасыға ақпараттық қолдау көрсетуде. Барлық қаржы, сіздердің берген садақаларыңыз Бақыт Рашидқызының өзіне тікелей түседі. Каспи номері жалғанған телефон номерін де қоямыз. Қолдан келгенше қиын жағдайда қалған отбасының аяққа тұруына, 4 баланың анасы жүріп кетуіне қолдау білдірсеңіздер болғаны.
Толық видео материал:
Бақыттың Каспий картасының номері : 4400 4301 5726 1592 BAKYT BOKENBAEVA Бақыттың Каспий голды жалғанған телефон номері: +7 778 890 21 80