Басты жаңалықтар
Жетібайда жұмыс сұрап митингіде тұрғандардың біразы аштық жариялады
- автор kyn.kz
- 30 наурыз, 2023
- 247
Маңғыстау облысы Жетібай кентінде жұмыс талап етіп тұрған тұрғындар аштық жариялады. 13 адам мүлдем нәр татпаса, бір адам тек су ішіп отыр. Аштық акциясы 29 наурызда кешке басталған.
Бұған дейін наразылар аштық жариялайтынын халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы аймақ билігіне, президент пен полицияға ескерткен. Оны дәлелдейтін құжаттары да бар.
Жетібайға кіреберіс жерде наразылыққа шыққан тұрғындар далада түнеп жатыр. Наразылар басына "Аштық" деген жазуы бар орамал байлап алған.
Жетібай кеніші маңындағы 100-ден астам тұрғын жергілікті азаматтарға бөлінетін жұмыс санын ұлғайтуды талап етіп, 28 наурыздан бері наразылық білдіріп жатыр. 28 наурызда кешкісін полиция қызметкерлері наразылыққа қатысып жатқан белсенді Қанат Қойшыбаевтың үйіне барып, әкімшілік бап бойынша іс қозғалғанын айтып, шақыру қағазын тапсырмақ болған. Полицейлер тағы бірнеше адамның үйіне барған.
Сәрсенбі күні наразылық өтіп жатқан аумақ маңында кемінде бір полиция автобусы мен техника жүргені байқалды. Тұрғындар автобуста арнайы жасақ болуы мүмкін екенін айтты. ІІМ оқиғаға түсініктеме бермеді.
Бұған дейін тұрғындар президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевқа мәлімдеме жасап, олардан бұл мәселеге араласуды өтінген. Бұған қоса, өздерін қудаламауды да талап еткен.
"Біздің талабымыз – Жетібайдағы жігіттерді 100 пайыз жұмыспен қамту. Жылдық келісімшартпен емес, зейнетке шыққанға дейін жұмыспен қамтамасыз етсін" деді наразылардың бірі.
"Маңғыстаумұнайгаз" компаниясы 28 наурызда мәлімдеме таратып, жолды жапқан наразылар әрекетінің салдарынан жүздеген көлік кептеліп қалғанын айтқан. Компанияның хабарламасында наразылардың талабы айтылмайды. Тек "ММГ облыста әлеуметтік жағдайды шешуге ерекше назар аударады" деп жазылған. Аймақ билігі аштық акциясы мен наразылардың талабына түсініктеме бермеді.
Дереккөзі: Azattyq.org