Басты жаңалықтар

Ақтөбеде Қарғалы арнасынан асып, тұрғындар үйлерінен бастарын лып өздері әрең қашып шықты

Үйін су басқан жүзге жуық адам уақытша спорт мектебін паналап жатыр

Ақтөбеде енді Қарғалы өзені арнасынан асып жатыр. Жағасындағы бау-бақша ұжымдарына су жайылып, жиырма шақты баспананы басып қалған. Тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріліп, су тартылғанша спорт мектебін паналай тұрады. Дүние-мүлкі малмандай су болған жұрт тасқынға атқамінерлерді кінәлап отыр, деп жазды "КҮН.КЗ" тілшісі КТК жаңалықтарына сілтеме жасай отырып. Шенеуніктер су қоймасын ашып жіберді деп күдіктенеді олар. Алайда жергілікті билік саяжайды қар суы басып қалды деп ақталуда. Қарғалы өзені бойындағы тұрғындар таңғы сағат бес шамасындағы тасқын туралы хабардан шошып ояныпты. Жан-жағын су алғанын көріп, қолына ілінген заттарымен үйінен атып шыққан. "Таңғы бесте тұрдық. Мына жерді қарап жүрді. Ондай ештеңе айқайлап та айтқан жоқ. «Шығыңдар, әй, суға кетіп жатырсыңдар» деп. Содан кейін өздері шығарып жатты адамдарды, мен мана көрдім. Адамдарды шығарды, үйінде қалып қойғандарды. Соны кеш айтты. Кеше жұмыс істеген жоқ. Өз арқамызда шықтық. Мына көршіқолаң бар",-  дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Асланбек Төребеков. Қарғалы өзені бойындағы бау-бақша ұжымдарындағы жиырма шақты үйді су алған. Өзен деңгейі сағат санап көтеріліп барады. Тұрғындар су қоймасын ешкімге ескертпестен, ертерек ашып жіберді деп күдіктенеді. "Су тұр үйде. Шығып кеттік, таңертең алты жарымда арнасынан бұзған. Су кетіп жатыр деді көрші, қашып шықтық. Өзеннен. Дамбы ашқан, шлюзді ашқан. Әкімдік айтылды, шлюзді ашқан бұл. Мұндай су қар суы деді, ол мүмкін емес дедім",-  дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Райхан  Үркенбаева. Әкімдер су қоймасына тиіскен жоқпыз деп ақталуда. Себебі, ондағы су қорын әлі жинап үлгермеген. Қарғалы өзені қырдан аққан қызыл судың өзіне толғанын айтады. "Биыл, өздеріңіз білесіздер екі есе көп қар жауды, өңірімізде. Соның себебінен көлдер, Жаман Қарғалы өзені толып, міне, бүгін су тасқын болып жатыр, күн жылынғаннан кейін. Қарғалы су қоры ашылған жоқ. Оның әлі резервтері бар. Бірақ шлюз ашылған жоқ",-  деді  Ақтөбе қаласының әкімі Мұрат Жөребеков. Үйін су басқан жүзге жуық тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Арасында қырық шақты бала бар. Олар спорт мектебі мен колледж жатақханасына орналастырылған. Кейбір тұрғындар туысының үйін паналауға кетіпті.