Басты жаңалықтар

Петропавлда  ҰҚК департаменті сепаратизмге үндегендерді тергей бастады

Белсенділер желіде өздерінің Қазақстаннан егемендік алу әрекеттерін талқылаған еді

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы департаменті сепаратизмге үндегендерге қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. Іс ҚК 180-бабы 2-тармағы, яғни "топтасып ақпарат құралдары арқылы сепаратизмді насихаттау" бойынша жүріп жатыр, деп жазды "КҮН.КЗ" сайты  КТК жаңалықтарына сілтеме жасай отырып. Бұған дейін «Народный совет города Петропавловск» деген әлдебір ұйымның құрылғаны туралы елді арандату пиғылындағы видео әлеуметтік желіде тарап қоғамның наразылығын туғызған. Осыдан кейін шұғыл түрде ведомствоаралық тергеу тобы құрылып, іске Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен полицейлер кірісті. Сотқа дейінгі тергеуде тінту жүргізіліп, видеожазбалар тәркіленген. Барлығы арнайы сараптамадан өткізіліп, жіті тексерілетін болады. Өзге дерек тергеу құпиясына байланысты жария етілмеді. Ал тергеу барысы Бас прокуратураның бақылауында. Қазақстан Халқы ассамблеясы да арандатушылардың әрекетін өткір сынады. Олар мұндай қадамға барғандарды қатаң жазалуды талап етіп отыр.